Мәскеуге АҚШ жеңіл атлетикадан тоғыз әлем чемпионын әкелмек

Болат Қосмағамбет Корреспондент
Болат Қосмағамбет>
Мәскеуге АҚШ жеңіл атлетикадан тоғыз әлем чемпионын әкелмек

Жеңіл атлетикадан АҚШ құрамасы Мәскеуде өтетін әлем чемионатына баратын атлеттерінің тізімін жариялады. Қазіргі кезде бұл тізімге тоғыз әлем чемпионы мен Лондон Олимпиадасының 20 жүлдегері кіріп отыр, деп хабарлайды ресми АҚШ жеңіл атлетика Федерациясы (USATF). 

БӨЛІСУ

Сонымен Ресей астанасына 2011 жылы Тэгуде өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанғандар Джейсон Ричардсон (110 метрге кедергілер арқылы жүгіру), Кристиан Тейлор (үш қарғып секіру), Дуайт Филлипс (ұзындыққа секіру), Трей Харди (онсайыс), Кармелита Джетер (100 метрге жүгіру), Дженни Симпсон (1500 метрге жүгіру), Лашинда Димус (400 метрге кедергілер арқылы жүгіру) және Бритни Риз (ұзындыққа секіру) келетін болды. 

Одан бөлек, американдық команда құрамында Арис Мерритт (110 метрге кедергілер арқылы жүгіру), Эллисон Феликс (200 метрге жүгіру), Риз Хоффа (ядро лақтыру), Эштон Итон (онсайыс), Шанте Лоу (биіктікке секіру) сияқты атақты спортшылар да бар. 

Естеріңізге салсақ, 2011 жылы өткен жеңіл атлетикадан әлем чемпионатында АҚШ мемлекеті 12 алтын медаль жинап, жалпы командалық есепте бірінші орынды иеленген еді. Ресейліктер екінші орыннан көрінді.

Ал біз осыған дейін әлем чемпионатына Тайсон Гэйдің қатыса алмайтынын жазған болатынбыз. 2007 жылғы әлем чемпионы қанынан тиым салынған дәрінің құрамы табылғандықтан,оған жарысқа қатысуға рұқсат берілген жоқ.  

Дәл осындай себепке байланысты Мәскеуге екі бірдей ямайкалық желаяқ Асафа Пауэлл (100 метрге жүгіруден экс әлем рекордшысы) мен Шерон Симпсон (4х100 метрге эстафеталық жүгіруден Олимпиада чемпионы) да келе алмайтын болды. 

Олардан бөлек, жылдың басты турнирінде 100 метрге жүгіруден қазіргі таңдағы әлем чемпионы, ямайкалық спринтер Йохан Блейк өнер көрсете алмайды. Спортшы жоғарыда аттары аталған өзінің отандастары сияқты допинг дауға байланысты емес, жарақаты кесірінен жарысты сырттан тамашаламақ. Сондай-ақ 800 метрге жүгіруден қазіргі кездегі әлем және Олимпиада чемпионы, әлем рекордының иесі Дэвид Рудиша да денсаулық жағдайына байланысты Мәскеуге келмейді.  

Жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты биыл Мәскеудің "Лужники" стадионында 10-18 тамыз күндері аралығында өтеді. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: rusbiathlon.ru