Мәскеуде қазақ күресінен турнир өтті

Ербол Жұмабайұлы Корреспондент
Ербол Жұмабайұлы>
Мәскеуде қазақ күресінен турнир өтті
Фото ©️ Massaget.kz

Н.Бауманов атындағы ММТУ-дің спорт кешенінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай қазақша күрес бойынша турнир ұйымдастырылды.

БӨЛІСУ

Шара Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Елшілігі қолдауымен Астрахань, Қазан, Омбы, Санкт-Петербург қаласындағы ҚР-ның бас консулдығының, Ресей аумағындағы қазақ ұлттық қоғамы, сонымен қатар, Мәскеудегі қазақша күрес федерациясы, Қазақстан Республикасындағы қазақша күрес Федерациясының қолдауымен өтті.

Нақтырақ айтқанда, шарада Қазақстан Республикасының қазақша күрес Федерациясынан Нәдіров Қуаныш (ҚР ұлттық категория бойынша төреші, 11 жыл төрешілік еткен) пен Жоламанов Дархан (ҚР және халықаралық чемпионатына төрелік еткен, бірінші категория бойынша төреші) төрелік етті. Бас төреші болып Мәскеу қаласы Федерациясының президенті Владимир Резанов бекітілді.

Жарысқа Ресейдегі қазақ диаспорасы, Мәскеуде, Санкт-Петербургте, Түмен және Орынбордың ЖОО-да оқитын қазақ және ресейлік студенттер қатысты. Нақтырақ, Қазақстан жастары Альянсы, Ресейдегі қазақстандық жастар Ұйымы, Н.Бауманов атындағы ММТУ командасы және Түменнен келген қазақ диаспорасы бақ сынасты.

Турнирде 18 жасқа толған 60 келіге дейін, 66 келіден төмен, 74 келіге дейін, 82 келіге дейін, 90 келіге дейін, 100 келіге дейін және 100 келіден төмен салмақтағы балуандар бақ сынады.

Жарыс қорытындысы бойынша Н.Бауманов атындағы ММТУ командасы жеңімпаз атанды. Әр жеті категория бойынша жеңімпаз атанған жеті балуан бағалы сыйлықтармен, кубоктармен және медальдармен марапатталды. Таза салмақта күрескен жеңімпазға «Түйе балуан» атағы да берілген.

Ресейде тұратын отандастардың салауатты өмір салты үшін ұйымдастырылған шара жастарды спортқа баулу, ұлттық ойындарды насихаттау, Ресейдегі қазақша күрес спортын дамыту және қазақ халқының ұлттық дәстүрін кеңінен танытуды мақсат етіп отыр.

Суреттер сөйлейді...