Кениялық марафоншы Элиуд Кипчоге марафон қашықтығы 42 километр 195 метрді 1 сағат, 59 минут, 40,2 секунд ішінде жүгіріп өтіп, марафон тарихындағы рекордты жаңартты. Рекорд 12 қазан күні Вена қаласында өткен марафонда тіркелді. Бұған дейінгі рекордтың да иесі – Кипчоге, ол 2018 жылы Берлин марафонын 2 сағат, 1 минут, 39 секундта жүгірген еді.
"Мен екі сағатқа жетпей мәрені кесіп өткеніме қуанып тұрмын. Әрбір адамның мүмкіндігі шексіз. Бұдан кейін басқа атлеттер марафонды екі сағат ішінде жүгіруге тырысады деп ойлаймын", - деді спортшы марафоннан кейін.
Рекордты жаңарту үшін оған бірнеше пейсмейкер (пейсмейкер – марафоншылардың қарқынын сақтауға көмектесетін, белгілі бір уақыт пен жылдамдықты сақтап жүгіретін атлет) ауысып, көмектескен.
Элиуд Кипчоге – жеңіл атлетикадан 2003 жылғы әлем чемпионы, 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы, 2007 жылы әлем чемпонатының күміс жүлдегері, Афины Олимпиадасының (2004) қола, Бейжің Олимпиадасының (2008) күміс жүлдегері.