Аргентинаның атақты футболшысы Диего Марадона Мексиканың «Дорадос де Синалоа» клубының жаттықтырушысы қызметіне тағайындалды. Бұл ақпарат спорттық клубтың "Твиттердегі" парақшасында жарияланды.
Аталған клуб Мексика ішкі чемпионатында 6 ойын өткізіп, ұпай саны бойынша 13 орынға жайғасқан. Клуб басшылығының бұл көрсеткішке көңілдері толмайды. Сол себепті де, қаржылық мәселелерге қарамастан әлемге әйгілі футболшыны жаттықтырушы қызметіне шақырған.
Марадона Мексикаға келмес бұрын БАӘ-де қызмет атқарды. «Аль-Фуджайра» клубының бас жаттықтырушысы болған ол сәуір айында бұл қызметтен босаған еді.
Диего Армандо Марадона 1960 жылы Аргентинаның Ланус аймағында дүниеге келген. «Архентинос Хуниорс», «Бока Хуниорс», «Барселона», «Наполи», «Севилья», «Ньюэллс Олд Бойз» клубтарында өнер көрсеткен Аргентина мақтанышы ұлттық құрама сапында 91 матч өткізіп, қарсыластар қақпасына 34 гол соққан. Ол 1986 жылы Мексикада өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа тағынса, 1990 жылы Италияда өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды.
Марадона Пелені «Футбол патшасы» есебінде мойындамайтынын ашық жеткізген.
- Көп жанкүйер оны (Пеле) 4 әлем чемпионатына қатысты дейді. Мен де 4 «мундиальға» қатыстым. Ал оның 1962 жылғы әлемдік додаға бара алмағаны жайлы неге ешкім жауап таба алмайды? (Ол кезде Пеле жарақат алған болатын). 1966 жылғы Англиядағы додада неге екі-ақ кездесуге шықты? Бұған да ешкім жауап бере алмайды. Ал мен одан кейін Еуропаның үздік чемпионаттарында 12 жыл өнер көрсеттім. Ал ол Америка құрлығынан шыққан жоқ. Сондықтан да мені онымен салыстырмаңдар, – дейді Марадона.
Қос спортшының да "XX ғасырдың үздік футболшысы" деген атаққа лайық екені анық. Алайда, ел арасында «Тентек футболшы» атанып кеткен Марадона бұл атақты өзгемен бөліскісі келмейді. Бұл мәселе жайында толық ақпарат алғыңыз келсе, мына сілтемеге өтіңіз.