"Манчестер Юнайтед" футбол клубының басшылығы шұғыл жиналыс өткізіп, бас жаттықтырушы Эрик Тен Хагты қызметінен босатты, - деп хабарлайды msports.kz сайты.
Командада бас жаттықтырушы қызметін уақытша Рууд ван Нистелрой атқаратын болады. Ал команда басшылығы жаңа бапкер іздеуге білек сыбана кірісетін болады.
"Эрикке клубта жұмыс істеген уақытында атқарған барлық еңбегі үшін ризамыз. Оған болашақта бар жақсылықты тілейміз", - деп жазды "қызыл сойқандардың" баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, Тен Хаг "Манчестер Юнайтедті" 2022 жылдың сәуір айынан бері жаттықтырып келеді. Оның жетекшілігімен команда 2023 жылы Лига кубогын, 2024 жылы Англия кубогын жеңіп алды.
Өткен жазда нидерландық маман "МЮ"-мен келісімшартын 2026 жылға дейін ұзартқан болатын. Алайда клуб жаңа маусымды өте сәтсіз бастады. Қазір АПЛ турнирлік кестесінде 14-орында келеді.