Футболдан Чемпиондар лигасының ширек финалына шыққан тағы екі команда белгілі болды. Бірі – "Севилья" (Испания), екіншісі – "Рома" (Италия).
"Рома" (Италия) – "Шахтер Донецк" (Украина) 1:0
Бірінші ойын: 1:2
Бұл кездесудің фавориті әу бастан-ақ италиялық команда еді. Әйтсе де бірінші ойында украиналық команда жеңіске жетті. "Рома" ойыншылары сасқан жоқ. Өз алаңындағы қарымта ойынды күтті.
Сырт алаңда соққан голдың салмағы басым. "Рома" командасы үшін 1:0 есебімен жеңіске жетудің өзі ширек финалға шығуға жол ашты. 52 минутта Эдин Джеконың соққан голы "Шахтер" ойыншыларын сан соқтырды. Тіпті, 79 минутта украиналық команда сапынан Иван Ордец алаңнан қуылып, 10 ойыншымен қалды. 1:0 есебі сақталып, "Рома" ширек финалға өтті.
"Манчестер Юнайтед" (Англия) – "Севилья" (Испания) 1-2
Бірінші ойын: 0:0
Танымал футбол маманы Жозе Моуринью жаттықтыратын "Манчестер Юнайтед" 1/8 финалда сүрінді. Түнде өз алаңында Испанияның "Севилья" командасына есе жіберді. "Қызыл сойқандар" бұл ойында фаворит саналғанмен, қос ойын қорытындысы бойынша испандық ұжымның шоқтығы биік болды.
Бірінші ойында командалар 0:0 есебімен тең тарқасқан. Ол кездесуде де "Севилья" командасы жүйелі ойынымен көзге түскен еді. Ал қорғанысты басты назарда ұстауға тырысатын Жозе бапкердің жоспарынан түк шықпағандай. Қарымта ойын да "қызыл сойқандарға" қиын соқты...
"Олд Траффордта" өткен қарымта ойында испандық ұжым жеңіске жетті. Ойындағы үш гол да екінші таймда соғылды. Винченцо Монтелла 72 минутта шабуылшы Виссам Бен Йеддерді алаңға шығарды. Француз шабуылшысы ойынға шыға сала өз мүмкіндігін сәтті пайдаланып, есеп ашты. Араға бірнеше минут сала екінші голын соғып, "Севильяға" айқын басымдық сыйлады. Манкуниандық клуб өз қақпаларына гол соғылғаннан кейін шабуылды ширатты. Алайда қорғанысты ұмыт қалдырып, "Севильяның" тағы бірнеше гол соғуға мүмкіндігі болды. Бірінде испандық команда ойыншылары қателессе, бірінде Де Хеа құтқарып қалды.
84 минутта Ромелу Лукаку есепті қысқартты. Алаң иелері ширек финалға шығу үшін тағы екі гол соғу керек еді. Мұндай ерлік "қызыл сойқандардың" қолынан келген жоқ.
"Севилья" өз тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының ширек финалына шықты.
Айта кетейік, осыған дейін "Ювентус" (Италия), "Манчестер Сити" (Англия), "Реал Мадрид" (Испания) және "Ливерпуль" (Англия) командалары ширек финалға шыққан еді. Бүгін түнде соңғы екі команда белгілі болады. "Барселона"(Испания) мен "Челси" (Англия), "Бешикташ" (Түркия) пен "Бавария" (Германия) кездеседі.