"Манчестер Сити" Англия Лигасы Кубогін алды

Ла Лига Корреспондент
Ла Лига>
"Манчестер Сити" Англия Лигасы Кубогін алды

Англия Лигасы Кубогінің финалында азулы "Манчестер Сити" мен мығым қорғаныстың жанкештілері «Сандерленд» кездесті.

БӨЛІСУ

Көпшілік мамандар болжағандай, бұл ойын "Ман Ситидің" басымдылығымен өтті, бірақ Густаво Пойеттің командасы бірде-бір мүмкіндікке ие емес деген сөз теріске шығып, турнир кестесінің соңында келе жатқан команда Пеллегриниді ойын барысында әбден састырды...

"Ман Сити" қарсыласының мықтылығын, оның «Челси» мен «Манчестер Юнайтед» секілді командаларды жарыс жолынан шығарып тастағанын елеп-ескермегендіктен «Сандерлендтен» сыбағасын алды. 

«Сандерленд» ойыншылары «Ситидің» қорғанысы осалдық танытқан тұста-ақ алғашқы қарымта шабуылдарын өткізіп, гол да соққан болатын. Бірақ ол сәтте ойыншы ойыннан тыс қалған еді. Пеллегринидің тәлімгерлері бұған көз жұма қараса керек, арада екі минут өтер-өтпестен қақпаларына доп жіберіп алды. Фернандиньо орталық бөлікте допты жоғалтып алып, Уэс Браун аяғына ілінген допты алдыңғы шептегі Бориниге жөнелтті. Италиандық сұрмерген Компаниден айласын асырып, жасаған соққысы Костел Пантилимонның жанынан жанай өтті - 1:0.

Ойынның бұлайша өзгеріп салуы алаң иелерінің қорқынышын тудырды. «Сандерленд» қорғаныста сауатты қимыл жасап, «Ситидің» ойыншыларымен талас-тартыста дөрекілікке барып жатпай-ақ, допты тартып алумен болды. Алаңға бірінші минуттардан Серхио Агуэро да шыққан болатын. Аргентиналық шабуылшы ойын соңына дейін сол күйі көзге түсе алмай кетті. «Сити» сапынан бірінші таймда сәтсіз ойын өрнегімен көзге түскендердің бірі Яя Туре болды. Ивуарлық ойыншы сәт сайын допты жоғалтып алып, тіпті, өз мүмкіндік үдесінен шығып өнер көрсете алмады десек те болады. Осы уақытта «Сандерленд» қарымта шабуылға оңтайлы шығып, алайда Пантилимон қорғаған қақпадан саңылау таба алмай жатты. Үзіліске ойыншылар Густав Пойеттің командасының пайдасына 1:0 есебімен аттанды. 

Үзілістен кейін "Сити" ойыншылары естерін жинап шыққандай әсер қалдырды. Бірінші таймдағыдай олар «Сандерлендті» өз жарты бөліктеріне тықсырып, ақыры есті іс-әрекеттерімен көзге түсе бастады. Голдың соғылуы ұзақ күттірмеді - 10 минут өткенде "қалалықтар" айып добын орындауға мүмкіндік алды. Сильва қақпаға соққы бағыттаудың орнына, неге екені белгісіз, әріптесімен доп ойнап кетті. Шабуыл солайша аяқсыз қалғандай еді. «Сандерлендтің» қақпашысы Вито Маноне соққы бағытталмайтынын көріп, бір сәт босаңдық танытқандай екен. Көзді ашып жұмғанша қақпасынан бір допты алып шығуға мәжбүр болды. Ойынның көп бөлігінде көзге түспей келген Яя Туре күтпеген жерден қақпаға соққы бағыттады. Дәл тоғыздыққа ұшқан допқа Маноне жетіп үлгермеді - 1:1.

Артынша Коларов айып алаңына соққы тастады. Қорғаушы кесіп үлгергенмен, доп Самир Насридің аяғының астына келіп түсті. Француз ойыншысының аяғының сырт жағымен жасаған соққысы қатты әрі дәл шығып, командасын алға шығарды - 2:1.

Екі минуттың ішінде  «Манчестер Сити» ойындағы басымдылықты өзгертіп сала берді. «Сандерленд» ойыншылары бұл соққыдан айыға алмастай еді. Дегенмен жанұшыра таразы басын теңестіруге талпынып көрді. Соңғы минуттарда «Сандерленд»  овертаймға жеткізуі мүмкін еді. Маноне орталық бөліктен Пантилимон қорғаған қақпаның айып алаңына доп тастаған еді, ал қақпа маңында Стивен Флетчер жалғыз қалған болатын. Шотландық допты аяғына салып үлгерем дегенше, алаң шетіне шығарып алды. 

«Манчестер Сити» көп ұзамай ойын тағдырына нүкте қойды. «Сандерленд» шабуылда жүргенде, "қалалықтар" қарымтаға шықты. Мұндай сәтті алаң иелері мүлт жібермейтін әрі жүзеге асырғанды ұнататын. Яя Туре сәл аялдай тұрып, Хесус Навасқа доп асырды. Жылдам испан ойыншысы қақпаның бір жақ шетіне дәл соққы жасады - 3:1.

Манчестер Сити - Сандерленд - 3:1 (0:1)

Голдар: Борини 11 (0:1). Туре 55 (1:1). Насри 58 (2:1). Навас 89 (3:1).

Манчестер Сити: Пантилимон, Компани, Сабалета, Коларов, Демичелис, Насри, Силва (Хави Гарсия, 78), Туре, Фернандиньо, Агуэро (Навас, 61), Джеко (Негредо, 87)

Сандерленд: Манноне, Алонсо, Браун, О'Ши, Бардсли, Джонсон (Флетчер, 63), Каттермоул (Джаккерини, 77), Ларссон (Гарднер, 63), Колбэк, Ки Сун Ен, Борини

Ескерту: Алонсо, 81

Бас қазы: Аткинсон М.

2 наурыз, Уэмбли

Мартин Аткинсон ойынның негізгі бөлігіне төрт минут қосқан-ды, бірақ бұл уақытта "Ман Сити" үшінші голын соғып үлгерген еді.

Ойыннан кейін Джон О'Ши «Сандерлендті» Туренің голы тұралатып тастағанын және ивуарлықтың ең үздік ойыншы екенін атап өтті. 

«Манчестер Сити» лайықты жеңісіне қол жеткізді, сол арқылы командаға жүктелген үлкен сенімнің бір бөлігін ақтады.

«Мен қуаныштымын, – дейді Пеллегрини, – Команда бұл кубокті иемденуге лайықты болатын, өздеріңіз көргендей, турнир бойына біздер жақсы ойын өрнегін көрсетіп, көп гол соғып келдік. Бұл барлығымыз үшін маңызды - ойыншыларға, клубқа, қызметкерлерге, сосын маған. Мен трофей алуға тиіс үлкен клубтамын.

«Сандерденд» жақсы ойнады. Бірінші таймда біздер доппен жылдам ойнай алмадық, қолайы келгенде, екінші таймда біздер екі бірдей тамаша гол соғу арқылы салқынқандылық таныттық».

Чилилік маман еуропалық мансап жолында алғашқы жүлдесіне қол жеткізді. Ал «Манчестер Сити»  Англия Лигасы Кубогін үшінші мәрте иеленіп отыр - бұрын 1970 және 1976 жылдары жеңіске жеткен.

Автор: Әкежан Дәкен

Сурет: mj-sp.com; vk.com