Бүгін түнде Мадридтің "Реалы" мен "Атлетикосы" УЕФА Суперкубогын сарапқа салады. Қазақстандық футболсүйер қауым бұл ойынды QazSport арнасынан тікелей эфирде тамашалай алады. Ал біз ойын жайлы аз-кем ақпарат ұсынамыз.
Мадридтік дерби қашанда қызықты. Командалардың жаңа маусым алдындағы аяқ алысы мен шабысын байқайтын сәт келгендей. Жаттықтырушылар кімдерге сенім артатынын да көретін боламыз.
"Реал" қақпасын кім қорғайды? Кейлор Навас па? Әлде "Челсиден" ауысып келген Тибо Куртуа ма? Тіпті украиналық жас қақпашы Лунинге таңдау түсе ме екен? Хулен Лопетеги осыған дейін ойнап келген коста-рикалық қақпашыға сенім артар деген ойдамыз.
Диего Симеоне жаттықтыратын "Атлетиконың" құрамы ойынға дайын-ақ. Жарақат алған ойыншылары жоқ. Өткен маусымдағы құраммен, өткен маусымдағы ойыншыларымен алаңға шығары анық.
"Реал" жанкүйерлері Роналду командадан кетеді деп күтпеген еді. Португалдық шабуылшы "Ювентуске" ауысты. Оның орнын кім басар екен? Кімді сатып алар екен? Гарет Бэйлге сенім артар сәт келді ме? Лопетеги Зидандай бола ала ма? Бұл көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтар. Бүгінгі ойыннан бірер сұраққа жауап тауып та қалармыз...
"Корольдік клубтың" капитаны Серхио Рамос "Роналдусыз да жеңіске жете аламыз" - деді. Екі ойыншының арасын қара мысық кесіп өтті ме, әлде командаластарын жігерлендіру үшін айтты ма, кім білсін?...
"Реал" бүгін жеңіске жететін болса, УЕФА Суперкубогын үш жыл қатарынан ұтқан алғашқы команда атанады. Сондай-ақ бұл жүлде саны бойынша "Милан" және "Барселонамен" (5 рет ұтқан) теңеседі.
"Атлетико" осыған дейін УЕФА Суперкубогында екі рет ойнаған. Екеуінде де (2010 және 2012) жеңіске жеткен.
Бүгін түнде өтетін ойынға поляк төрешісі Шимон Марциняк қазылық жасайды. 37 жастағы маман 2018 жылы Чемпиондар лигасында "Тоттенхэм" мен "Ювентус" клубтары арасындағы кездесуге төреші болған.
Таллиндегі (Эстония) "А. Ле Кок Аренада" өтетін ойын Астана уақытымен түнгі сағат 01:00-де басталады. Тікелей эфирде QazSport арнасы көрсетеді. Ал сіз қай команда жеңіске жетеді деп ойлайсыз?