Вьетнамның Хошимин қаласында өтіп жатқан қыздар арасындағы Азия чемпионатында Мәдина Нұршаева жеңіс тұғырына шықты.
64 килограмға дейінгі салмақта бақ сынаған отандасымыз финалда қытайлық боксшы Доу Данды жеңіп, Азия чемпионы атанды. Бұл отандасымыздың халықаралық дәрежедегі спорттық мансабындағы алғашқы алтын жүлдесі.
69 килограмға дейінгі салмақта Валентина Хальзова финалда қытайлық боксшы Гу Хонгқа жол беріп, Азия чемпионатының күміс жүлдесін қанағат тұтты.
Кеше Назым Қызайбай (51 кг), Дариға Шәкімова (75 кг), Мөлдір Базарбаева (81 кг) мен Ләззәт Күнгейбаева (+81 кг) Азия чемпионатының қола жүлдегері атанған еді.
Айта кетейік, бокстан әйелдер арасындағы Азия чемпионатының деңгейі өсіп келеді. 2008 жылы Үндістандағы жарысқа 79 спортшы, 2010 жылы Қазақстанда өткен біріншілікте 16 елден 84 боксшы, 2012 жылы Моңғолияда 17 елден 82 спортшы, ал 2015 жылы Қытайда Азия чемпионатына 16 елден 96 спортшы қатысқан. Хошиминдегі додаға 22 елден 118 спортшы келді.