Мадина Бақбергенова Азия чемпионатында алтын алды

Нұржамал Үсенова Корреспондент
Нұржамал Үсенова>
Мадина Бақбергенова Азия чемпионатында алтын алды
Фото ©️ olympic.kz

Қазақстандық балуан қыз Мадина Бақбергенова Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда өтіп жатқан Азия чемпионатында алтын медаль еншіледі. Отандасымыз финалда қырғыз қызы, Олимпиада ойындарының жүлдегері Мейірім Жұманазарованы жеңді. 

БӨЛІСУ

68 килоға дейінгі салмақта белдескен Мадина Бақбергенова финалда 2:1 есебімен жеңіліп тұрып, белдесу соңына қарай ұтымды әдіс жасап, есепті алға жылжытты. Нәтижесінде белдесу соңында отандасымыз қарсыласынан 3:2 есебімен жеңісті жұлып алды. 

Гүлмарал Еркебаева 76 килоға дейінгі салмақта моңғол қызы Ариунжаргал Ганбатты жеңіп, қола медаль жеңіп алды. 

Ертең қазақстандық бес балуан қыз боз кілемде бақ сынайды.

Айта кетейік, осыған дейін грек-рим күресінен Азия чемпионаты аяқталды. Құрлық біріншілігіне Қазақстан сапынан 10 спортшы қатысып, оның 9-ы жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтқанда, грек-рим күресінің шеберлері 2 алтын, 5 күміс және 2 қола медальға қол жеткізді. Сондай-ақ, грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы ұпай саны бойынша жалпыкомандалық есепте Азия чемпионатында көш бастады.  Екі күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша "классиктер" барлығы 180 ұпайға ие болған. Иран құрамасы екінші болса, Қырғызстан балуандары үздік үштікті түйіндеді.