Ақтоты Райымқұлова ҚР мәдениет және спорт министрі болып тағайындалды, - деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.
- Ақтоты Рахматоллақызы Райымқұлова Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі болып тағайындалсын, - делінген Мемлекет басшысының Жарлығында.
Осыған дейін Мәжіліс Мәдениет және спорт министрі лауазымына тағайындалатын Ақтоты Райымқұлованың кандидатурасын қолдаған болатын.
Ақтоты Рахметоллақызы 1964 жылы 2 мамырда Алматыда дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының "композиция" және "фортепиано" мамандықтарын (1987 ж.), "композиция" мамандығының аспирантурасын (1994 ж.) бітірді. Сонымен қатар Халықаралық Бизнес академиясының "Менеджмент" мамандығының магистратурасын (2007) және докторантурасын тәмамдаған. DBA (Doctor of Business Administration) және өнертану докторы (Ph.D) ғылыми атағының иегері.
1990-1991 жылдары – Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық институтының оқытушысы, Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясының оқытушысы.
1991-1994 жылдары – Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясында асистентура-стажер.
1995-2011 жылдары – Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясында "Дирижерлау" кафедрасының меңгерушісі, оқытушы, Ректор көмекшісі, доцент, профессор м. а., әлеуметтік-экономиканы ұйымдастыру жөніндегі проректоры.
2003-2007 жылдары – Алматы Мемлекеттік консерваториясында "Композиция және оркестрлік дирижерлау" кафедрасының меңгерушісі (қосымша).
2005-2007 жылдары – Халықаралық Бизнес академиясының "Менеджмент" мамандығының магистранты.
2007-2008 жылдары – Алматы Мемлекеттік консерваториясында "Композитор және арт-менеджмент" кафедрасының меңгерушісі (қосымша).
2007-2010 жылдары – Ресей Федерациясы Үкіметіне қарасты Халық шаруашылық Халықаралық Бизнес академиясында "Совершенствование организационно-экономического механизма управления проектами в социально-культурной сфере" атты докторлық диссертацияны қорғап DBA (Doctor of Business Administration) ғылыми атағын алды.
2013-2014 жылдары – Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясында Ғылыми-шығармашылық істері жөніндегі проректоры.
2014 ж. маусым – 2014 ж. қараша – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері комитеті төраға орынбасарының м.а.
2014-2016 жылдары – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнері стері департаментінің директоры.
2016 жылдың 3 қазанында ҚР Үкімет Қаулысымен Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт вице-министрі болып тағайындалды
Шығармашылық жетістіктері:
• Бүкілодақтық Жас композиторлар байқауларының лауреаты және дипломанты (Мәскеу 1984, 1987 жж.);
• Республикалық композиторлар байқауларының лауреаты (1992, 1995, 1997, 1998, 2000 жж.);
• ҚР Президент степендиясының стипендиаты (1997 ж.);
• Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты (1998 ж.);
• ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің (2004 ж.) және ҚР Білім және ғылым министрлігінің (2009 ж.) Құрмет грамотасымен марапатталды;
• ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мемлекеттік Грант иегері (2007-2008 жж.);
• Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2010 ж.);
• ҚР композиторлар Одағының мүшесі, 2010 ж. Нидерландиядағы ISCM (International Society of Contemporary music) мүшесі;
• "Тәуелсіздік толғауы" ІІІ Республикалық байқауының І жүлдегері, лауреаты (2012 ж.);
• ҚР ЖОО-ның "Үздік оқытушысы" (2013 ж.).
Ақтоты Райымқұлованың авторлық шығармалары Үкіметтік концерттерде және шетелдерде орындалады. 50-ден астам ғылыми еңбектері бар.
Жаңа министр 2016 жылдың қазан айынан бері ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі лауазымында болған.
Айта кетейік, осыған дейін Мәдениет және спорт министрлігін Арыстанбек Мұхамедиұлы басқарып келді. Ол өзге қызметке ауысуына байланысты жұмысынан босатылды.