Луи ван Гал командасына тәртіп орнатуға көшті

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Луи ван Гал командасына тәртіп орнатуға көшті

Ағылшындық «Манчестер Юнайтед» командасының бас бапкері Луи ван Гал шәкірттеріне ойыннан бір күн алдын телефондарын арнайы көмекшілеріне тапсыруды талап етті. Бұл туралы Daily Mail ақпарат көзі хабарлап отыр.

БӨЛІСУ

Басылым ақпараты бойынша нидерландылық бапкер футболшыларға бұдан да өзге талаптар қойып отырған көрінеді. Ойын өтетін күні футболшы таңғы асқа кешігіп келсе, айыппұл салынбақ. Сонымен қатар, Луи ван Гал «қызыл сойқандардың» жаттығу алаңдарын арнайы бейнекамералармен жабдықтап, сол арқылы жұмыс жасауды да қолға алуды жоспарлап отыр екен. Оған 500 000 фунт қаржы жұмсалады деп күтілуде.

Футболшылардың ойын алдында телефондарын өткізіп тастау туралы талап сэр Алекс Фергюсон кезінде қолға алынады деп айтылған-ды. Бірақ, кейін ол ақпарат жалған болып шыққан болатын.

«Манчестер Юнайтед» бұл маусымды да сәтті бастай қойған жоқ. Үш кездесудің екеуінде тең ойнап, бір ойында жеңіліс тапты. Ал ағылшын лигасы кубогы аясында үшінші дивизионда өнер көрсететін «Милтон-Кинс Донз» командасынан ойсырай ұтылды. Луи ван Гал ойында өз философиясын толықтай жүзеге асыратын команда жасап шығару үшін әлі де уақыт барын айтуда.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: rsport.ru