Түркияның «Ризеспор» командасының бұрынғы жаттықтырушысы Мұстафа Денизли Самат Смақов пен Давид Лорияны әзірбайжандық «Хазар» командасына шақыруда. Azerifootball.com сайты хабарлауынша, қос ойыншымыз Ленкорань қаласына аттанбақ.
Мұстафа Денизли тізгініндегі әзірбайжандық клуб 32 жастағы қақпашы Давид Лория мен 34 жастағы қорғаушы Самат Смақовқа қызығушылық танытуда. Самат Смақов ұлттық құрама сапында 60-тан астам ойын өткізген белді ойыншылардың бірі. Давид Лория да ұлттық құрама сапында жақсы өнерімен көзге түскен қақпашы.
Өткен маусымда екі ойыншы да дәл осы Денизлидің қол астында Түркияның «Ризеспор» командасында ойнаған болатын. «Хазар» командасы келісім-шартты жарты жылға жасап отыр. Келісім-шарт бағасының көлемі аз емес көрінеді. Қос ойыншының Түркияда ойнап жүрген кездегі жылдық жалақысы 400 мың долларды құраған екен.
Естеріңізге сала кетсек, 2013 жылы Смақов пен Лория алматының «Қайрат» командасымен ұзақ мерзімдік келісім-шартқа отырған болатын. Өткен маусымда Лория 13 ойынға, ал Смақов жарақатына байланысты 7 ойынға қатысты.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: vesti.kz