Алматыда бокстан өтіп жатқан Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының сапынан алғаш болып шаршы алаңға көтерілген Ілияс Сүлейменов қарсыласы аустралиялық Эндрю Молониді айқын басымдықпен жеңіп, келесі кезеңге өтті.
52 келіде өнер көрсететін Ілияс Сүлейменов алғашқы раундтардан-ақ қорғанысқа баса назар аударатынын аңғартты. Бұл боксшының кездесудегі өзіндік жүйесі болар. Қорғаныста жүріп қарсыластың осал тұстарын дөп аңғара білген жерлесіміз соққыларын өз сәтінде дарыта білді. Алғашқы раундта Эндрю Молони бар күшін сала айқасты. Алайда екінші, үшінші раундтарда аустралиялық боксшының соққылары жел қармап жатты. Осылайша 52 келі салмақта Ілияс Сүлейменов қарсыласын сенімді түрде жеңді. Енді боксшымыздың келесі қарсыласы - қырғыз Азат Үсенәлиев. Жеңіс құтты болсын қазақ жанкүйерлері!
Естеріңізге сала кететін болсақ, санаулы минуттардан кейін 64 келі салмақта бақ сынайтын Мерей Ақшалов шотландиялық Джош Тэйлормен жұдырықтасады. Мерейдің мерейі үстем болуын тілейміз!
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sports.kz