"Ливерпуль" – Чемпиондар лигасының жеңімпазы!

Нұржамал Үсенова Корреспондент
Нұржамал Үсенова>
"Ливерпуль" – Чемпиондар лигасының жеңімпазы!
Фото ©️ uefa.com

Футболдан 2018/2019 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасында "Ливерпуль" топ жарды. Юрген Клопп жаттықтыратын команда финалда Лондонның "Тоттенхэм" клубын 2:0 есебімен ұтты.

БӨЛІСУ

Биылғы Чемпиондар лигасының финалы Мадридтегі "Ванда Метрополитано" стадионында өтті. Ойын бастала сала "Ливерпуль" есепте алға шықты. Мусса Сиссокконың қолына тиген допты бас төреші Дамир Скомина аңғарып үлгерді. Пенальтиден Мұхаммед Салах мүлт кеткен жоқ. Уго Льористі қапы қалдырып, командасын алға шығарды.


Ойын басындағы бір голдан кейін шабуылдар бірсыдырғы жалғасты. Қауіпті сәттер болғанмен, көп гол соғылмады. 

Кездесу аяқтала бастағанда "Тоттенхэм" тәуекелге бел буды. Шабуылды үдетіп, таразы басын теңестіруге асықты. Бірақ 87 минутта Дивок Ориги өз мүмкіндігін ұтымды пайдаланып, "Ливерпульдің" екінші голын соқты. Бұл командаға айқын жеңіс сыйлады.


"Ливерпуль" өз тарихында Чемпиондар лигасын алтыншы рет ұтты. Осыған дейін 1977, 1978, 1981, 1984 және 2005 жылдары жеңімпаз атанған. Ал "Тоттенхэм" болса, алғаш рет финалда бақ сынады.