Юрген Клопп жаттықтыратын дортмундтық «Боруссияның» шабуылшысы Роберт Левандовский қаңтар айында мюнхендік «Бавария» сапына ауысады. Бұл туралы поляк баспасөз құралдары хабарлап отыр.
Поляк баспасөз құралдарының мәліметіне сүйенсек, Роберт Левандовский Хосеп Гвардиола командасымен 4 жылдық келісімшартқа қол қойып та үлгерген. Жылдық табысы 10 миллион евро болмақ.
Осыған дейін «Боруссияның» бас бапкері Юрген Клопп Польша ұлттық құрамасының шабуылшысын команда сапында маусым соңына дейін өнер көрсетеді деп мәлімдеген болатын. Алайда Левандовскийдың Франк Рибери бастаған жігіттердің қатарын толықтыратыны ресми түрде 2 қаңтарда жүзеге аспақ.
Роберт Левандовский – дортмундтық команда қатарынан «Бавария» сапына ауысқан жарты жылдықтағы екінші футболшы. Осыған дейін Марио Гетце мюнхендік команда жейдесін киген болатын.
Естеріңізге сала кететін болсақ, Роберт Левандовский «Боруссия» командасына 2010 жылы познаньдық «Лех» командасынан ауысып келген еді. Ол осы уақытқа дейін дортмундтық команданың сапында 148 кездесу өткізіп, 84 рет қарсылас қақпасын дәл көздеген.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай