Лондондық «Челси» командасының футболшысы Фрэнк Лэмпард спорттық мансабын жаңадан ашылып жатқан америкалық «Нью-Йорк Сити» клубында жалғастыратын болды.
Өткен маусым аяқталысымен футболшының «ақсүйектермен» жасаған келісімшарты өз соңына жеткен еді. Отыз алты жастағы жартылай қорғаушы 2001 жылдан бері «Челси» сапында өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт аралығында 429 кездесуге қатысып, 147 гол соққан. Команданың ірі жетістіктерге жетуіне де өз септігін тигізді. Келер маусымнан бастап MLS біріншілігінде өнер көрсететін «Нью-Йорк Сити» клубы осыған дейін испандық шабуылшы Давид Вильямен келісімшартқа отырған болатын.
Фрэнк Лэмпард жаңа клубы туралы: «Мен «Нью-Йорк Сити» клубына ауысып, әлемдегі алып бір спорттық шаһарға келу мүкіндігіне ие болғаным үшін қуаныштымын. Біз әлем чемпионатында сәтті өнер көрсете алмадық. Алдағы уақытта америкалық жанкүйерлердің сенімін ақтауға тырсамын», - дейді.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: football.ua