Бір айдан кейін Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындары басталады. Осы доданың ашылу салтанатында Қазақстанның туын шорт-трекші Абзал Әжғалиев көтеріп шығады.
- Туды шорт-тректен ұлттық құрама спортшыларының бірі көтеріп көтеріп шыққанын жөн санап отырмыз. Олар лицензия берілетін әлем кубогының барлық кезеңіне қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. 10 жолдама жеңіп алды. Біз туды Абзал Әжғалиевтің көтеріп шығуын жоспарлап отырмыз. Ол ұлттық құрамада көп жылдан бері тер төгіп келеді. Сондықтан да ту ұстап шығуға әбден лайықты", - дейді ҚР МЖС министрлігің спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Жарасбаев "Хабар" арнасына берген сұқбатында.
Абзал Әжғалиев әлем кубогы, Азиада мен Универсиада ойындарының жүлдегері. 2014 жылы Сочиде өткен Олимпиада ойындарына қатысты.
Сочиде өткен қысқы Олимпиадада Қазақстанның туын шаңғышы Ердос Ахмадиев көтеріп шыққан болатын.
Айта кетейік, Оңтүстік Корея жеріндегі қысқы Олимпиада ойындарына (9-25 ақпан аралығы) әлемнің 80-нен астам елінен 5000-ға жуық спортшы мен ресми тұлға қатысады деп жоспарланған. 15 спорттық сайыс түрі бойынша 98 медаль жиынтығы сарапқа салынатын болады.
Қазақстандық спорт делегациясы Пхенчхандағы додаға 9 спорт түрінен қатысуды жоспарлап отыр. Атап айтар болсақ, биатлон, мәнерлеп сырғанау, тау шаңғы спорты, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты, шана спорты, шаңғы жарысы, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл (акробатика, могул) секілді спорт түрлерінен отандастарымыз бақ сынайтын болады.
Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының еншісінде 33 жолдама бар. Қазақстандық спортшылар биатлон, коньки спорты және шорт-тректен 10 жолдамадан иеленсе, мәнерлеп сырғанаудан 3 жолдама бар. Жоспар бойынша жолдамалар санын 50-ден асыру баса назарға алынуда.