Қыдырбаев – алтын, Седов – күміс еншіледі

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Қыдырбаев – алтын, Седов – күміс еншіледі

Ауыр атлетикадан Алматыда өтіп жатқан әлем чемионатының алтыншы күні Қазақстан құрамасы үшін сәтті өтті. 94 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған қос отандасымыз бірінші және екінші орындарды өзара бөлісті.

БӨЛІСУ

Жұлқа көтеруде Владимир Седов үш мүмкіндігін де сәтті пайдаланды. Алдымен 180 және 185 келіні оңай еңсерді. Ал үшінші мүмкіндігінде 188 келіні бағындырып, 1999 жылы Афиныда өткен әлем чемпионатында грек Акакиос Какиашвилис орнатқан рекордты қайталады. Жасұлан екінші мүмкіндігінде 179 келіні көтергенмен, үшінші мүмкіндігінде 182 келіні бағындыра алмады. Нәтижесінде кіші алтын медаль Владимир Седовқа, күміс литвалық Ауримас Диджвалишке бұйырды. Кіші қоланы Жасұлан еншіледі.

Серпе көтеруде соңғы уақытта ғана денсаулығына байланысты Рүстем Сыбайды алмастырған Жасұлан Қыдырбаев ерледі. Ол алдымен 215 және 221 келіні ырқына көндірді. Ал Владимир Седовтың үш мүмкіндігіндегі үздік көрсеткіші 219-ды құрады. Алтын жүлдеге қол жеткізу үшін Жасұланға 229 келіні көтеру керек болды. Және зілтемірші бұл үддеден шыға білді. Қоссайыс қорытындысында 408 келіні еңсерсе, Владимир бір келі аз жинап күмісті қанағат тұтты. Айта кетейік, Седов 2009 жылы әлем чемпионы атағына қол жеткізген болатын. Қола жүлде литвалық Ауримас Диджвалишке (399 келі) бұйырды.

Естеріңізге сала кетсек, 94 келіге дейінгі салмақтағы серпе көтеру мен қоссайыс қорытындысындағы рекорд отандасымыз Илья Ильин еншісінде. Сыр өңірінің саңлағы ертең жарыс жолына шығады.

Сурет: massaget.kz