«Football Coach World Ranking» қауымдастығы порталы өткен маусымдағы әлемнің үздік бапкерлерінің тізімін жариялады. Бұл тізімге еліміздің 3 бірдей бапкері еніп отыр.
Футбол клубтары арасындағы үздіктердің қатарына 1329 бапкердің есімі енген. Ал Қазақстандағы үздік футбол мамандарының көшін қарағандылық «Шахтер» командасының тізгінін ұстап отырған Виктор Кумыков бастап тұр. Ол рейтингтің 526-шы сатысына жайғасқан. Еурокубоктың топтық кезеңіне ел клубын алғаш алып шыққан жаттықтырушы 2013 жылғы еліміздің үздік бапкері де атанған болатын. Ресейлік маманнан өзге еліміздің атынан үздіктер қатарына Владимир Никитенко («Ақтөбе») мен Талғат Байсуфинов («Ертіс») енген. Олар тиісінше 899 және 940-шы орындардан көрініп отыр. Ал осыған дейін ел құрамасын жаттықтырып келген чех маманы Мирослав Беранек ұлттық құрама бапкерлері арасында 161-ші сатыдан көрінді.
«Football Coach World Ranking» порталының клубтар арасындағы тізімінің көшін португалдық бапкер Жозе Моуринью бастап тұр. Екінші және үшінші орындар аргентиналық бапкерлер Диего Симеоне («Атлетико М») мен Херардо Мартиноға («Барселона») бұйырып отыр.
Алғашқы ондыққа енгендер:
4. Арсен Венгер ("Арсенал" Англия - Франция)
5. Рафаэль Бенитес ("Наполи" Италия - Испания)
6. Юрген Клопп ("Боруссия" Дортмунд, Германия)
7. Карло Анчелотти ("Реал" Мадрид - Италия)
8. Жорже Жезус ("Бенфика" Португалия)
9. Мануэль Пеллегрини ("Манчестер Сити" Англия - Чили)
10. Кука ("Атлетико Минейро" - Бразилия)
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sports.kz