Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Қуат "Найман" Хамитов Мәскеуде өтіп жатқан Fight Nights Global 98 турнирінде қарсыласы Ахмад-Хан Бобковты бірінші раундта-ақ қылқындыру әдісімен жеңді.
Жекпе-жек бар болғаны бірер минутқа ғана созылды. Қарсыласының арқасына өтіп, қылқындыру әдісін жасаған қазақстандық спортшыға Ахмад-хан қарсылық таныта алған жоқ.
Жекпе-жек соңынан Қуат Хамитов жеңісін Олимпиада чемпионы, марқұм Жақсылық Үшкемпіровке арнайтынын айтты.
- Барша жанкүйерлеріме, барша қазақстандықтарға алғысымды білдіремін. Бүгінгі үлкен жеңісімді ағам, марқұм Жақсылық Үшкемпіровке арнаймын. Сізден болашақ жастар үлгі алады. Жақсылық аға, біз сізді ұмытпаймыз!, - деді.
Сондай-ақ 39 жастағы ресейлік спортшы Вячеслав Дацикті жекпе-жекке шақырды. "Дацик, қайдасың? Кел, супер жекпе-жек ұйымдастырайық! 160, 170, 250 салмақта, қайсысы болса да маңызды емес. Мен дайынмын!" - деп Fight Nights Global президенті Камил Гаджиевке ұйымдастыруды да естіртті.
Айта кетейік, бастапқыда Қуат "Найман" Хамитов ресейлік Олег Косиновпен (7-5) кездесуі керек болған. Алайда жекпе-жекке бір күн қалғанда қарсыласы ауысқан еді. Ахмад-Хан Боков мансабында бесінші рет жеңілістің кермек дәмін татты.