Ксения Первак: "Теннисші болмағанымда әнші болар едім"

Мейіргүл Оңғарова Корреспондент
Мейіргүл Оңғарова>
Ксения Первак: "Теннисші болмағанымда әнші болар едім"

Қазақстан азаматтығын қабылдаған спортшылардың бірі - Ксения Первак. Теннис әлемінде енді-енді өзін көрсетіп келе жатқан бойжеткен бүгінде Братиславада жаттығуда. Ксения Қазақстан БАҚ өкілдерінің қармағына ілінбей жүр. Біз теннисші қызбен интернет арқылы сөйлесіп, әңгімелескен болатынбыз.

БӨЛІСУ

Балалық шағыңыз туралы бірер ауыз айтып берсеңіз.

Мен Орал тауларының шығыс аймағында орналасқан Челябинск деп аталатын қалашықта дүниеге келдім. Бірақ біз онда көп тұрақтамай Мәскеуге көшіп кеттік. Негізі менің жанұям өте үлкен десем де болады. Дегенмен, бір өкініштісі менің әке-шешем он жыл бұрын ажырасып кеткен. Он алты жасар інім бар. Қазір ол Женевада жеке меншік мектепте оқиды. Ол өте ақылды бала. Бүгіннің өзінде інім төрт тілді еркін меңгеріп үлгерді. Сосын, екі сіңілім бар. Біріншісі – әкем жағынан , екіншісі – анам жағынан.

Ата-анаңыз немен айналысады?

Әкемнің аты – Юрий. Ол қазір кәсіпкерлікпен айналысады. Бұрындары әкем футбол маңайында біршама қызмет атқарған. Бір кездері атақты мәскеулік «Спартак» командасының спорт директоры да болған. Ал анамның Ресейде әсемдік салоны бар. Анам уақытының көп бөлігін сол жерде өткізеді.

Сіздің жанұяңыз 2006 жылы Берлинге көшкен екен. Сізге Германия жерінде тұрған ұнай ма?

Берлин өте әдемі және тыныш қала. Менің теннис ойнайтын клубым үйімнен 50 метр жерде орналасқан. Онда шынымен де тамаша. Оның үстіне ол жақта бірнеше достарым бар. Бос уақытымда соларға қонаққа барып, өзім де үйге шақырамын.

Тенниспен қалай, қашан айналыса бастадыңыз?

Әкем теннисті өте жақсы көретін еді. Сол кісі мені жас кезімде теннис үйірмесіне алып барды. Содан бастап бұл ойынды жаным сүйіп келеді.


Сізді қазір кім жаттықтыруда? Сіздің жоғары деңгейдегі теннисші болуыңызға кім әсер етті?

«Ролан Гарростан» бастап словак маманы Владимир Платеник жаттықтырып келеді. Сондықтан, мен осы күндері Братиславада жаттығып жүрмін. Ал оған дейін ресейлік маман Виктор Павловпен жұмыс жасағанмын. Менің ойымша, мені осындай деңгейге жеткізген сол кісі.

Ойнау стиліңізді айта кетсеңіз ...

Негізі артқы алаң ойыншысымын. Бірақ кортта алдыңғы шепке де шығып ойнаймын. Шынын айтқанда, нақты стилімді айта алмаймын ... Мүмкін мені сырттан бақылап жүрген адамдар жақсырақ айтатын шығар.

Жас шағыңызда кумиріңіз кім болды?

Анастасия Мыскина. Ол керемет теннисші болатын. Сонымен қатар, керемет адам. Қазір де онымен хабарласып тұрамын.

Тенниспен байланысты ең қуанышты сәтіңізді есіңізге түсірсеңіз ...

Меніңше, өткен маусымдағы «Уимблдон» турнирінде жақсы өнер көрсеттім деп ойлаймын. Тағы Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен турнирім есте жақсы сақталды. Өйткені, ол WTA аясындағы  мен қатысқан бірінші бәсекем еді.

Осы уақытқа дейін сіздің ең мықты қарсыласыңыз кім болды?

Барлық қарсыластарым да осал емес. Дегенмен, «US Open» жарысының бірінші айналымында жолыққан қарсыласым Анна Иванович мықты болды.

Өткен маусымды керемет өткіздіңіз. Үстіміздегі жылда алдыңызға қандай мақсаттар қойдыңыз?

Әрбір спортшының арманы – өз спортының түрінде бірінші болу. Менің де арманым бірінші нөмірлі теннисші болу. Ал жуық арадағы жоспарым «Үздік-32-ке» кіру.

Оқу жолындағы жетістіктеріңіз қандай?

Мен Мәскеуде гимназияны бітірдім. Әкем мені өте қатал ұстағандықтан, жақсы оқыдым. Онда оқу бірталай қиындықтар тудырды. Гимназияда жүргенімде жаттығуға қатысуға рұқсат бермейтін. Үй тапсырмасын орындау үшін таңғы бесте тұратынмын. Қазір Ресей мемлекеттік дене шынықтыру, спорт және туризм академиясында бапкерлік мамандығы бойынша оқып жатқан жайым бар.

Қалай көңіл көтергенді ұнатасыз?

Достарыммен серуендегенді өте жақсы көремін. Ән айтқанды да жаным қалайды. Көшеде, жаттығуда, үйде ән айтып жүремін.

Сүйікті кітабыңыз қандай?

Орыс классикасына жататын Лев Толстойдың  «Война и мир» кітабы.

Сүйікті фильміңіз?

«Титаник»

Егер тенниспен шұғылданбағаныңызда қандай мамандықты таңдар едіңіз?

100 пайызға сенімді түрде жауап берейін. Әнші болар едім.

Әңгімелескен: Уалихан Қосанбай

Сурет: liveinternet.ru. vesti.kz