Футболдан ҚР Кубогы жартылай финалында «Тараз» сырт алаңда «Ақтөбені» кездесу аяқталар тұста сан соқтырып, «кеншілер» ұжымы өз алаңында «Ертісті» жеңіп, финалға жолдама алды.
«Тараз» бен «Ақтөбе» арасындағы алғашқы кездесуде есеп ашылмаған болатын. Жаңа ғана Ақтөбеде аяқталған кездесуде Арно Пайперс шәкірттері соңғы минутта алаң иелерінің қақпасынан саңылау таба білді. Кездесу тағдырын 90 минутта Сергей Шаффтың соққан голы шешті.
Ал жартылай финалдың екінші жұбы «Шахтер» мен «Ертіс» арасындағы кездесуде Виктор Кумыков командасы екі доп айырмасымен қарсыластарын сенімді түрде жеңді. 38 минутта Андрей Финонченко есеп ашса, 84 минутта Александр Симчевич кездесудегі есепке нүкте қойды.
ҚР Кубогын 10 қарашада "Тараз" бен "Шахтер" сарапқа салатын болды. Кездесу "Астана-Арена" стадионында өтеді. Ойынды "KazSport" арнасынан тамашалай аласыздар.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет автордың өңдеуінде