Футболдан 2014 жылы Бразилияда өтетін Әлем чемпионатына Африка құрлығынан Нигерия мен Кот-д'Ивуар ұлттық құрамалары жолдама алды.
Нигерия құрамасы Эфиопияны алғашқы кездесуде де тізе бүктірген болатын. Қарымта кездесу де алаң иелерінің пайдасына шешілді. Стивен Кеши баптайтын команда екі таймда бір-бір голдан соғып, Бразилияға барар жолдаманы қанжығаларына байлады. Гол соққандар – Мозес және Обинна.
Кот-д'Ивуарлықтар қатарынан үшінші рет Әлем чемпионатына жолдама алып отыр. Олар алғашқы кездесуде Сенегалды 3:1 есебімен жеңген еді. Кешегі қарымта кездесу сенегалдықтар жазасына байланысты Мароккода өтті. Кездесуде 1:1 есебі тіркелді. Қос ойын қорытындысы бойынша, Кот-д'Ивуар Әлем чемпионатына жолдаманы иеленді.
Бүгін Камерун ұлттық құрамасы өз алаңында Тунисті қабылдайды. Қос ұжым арасындағы алғашқы кездесуде есеп ашылмаған болатын. Ал Египет - Гана, Алжир – Буркина-Фасо қарымта кездесулері сейсенбі күнге жоспарланған.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай