Астанада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы топ жарды. Отандастарымыз финалда қырғыз шабандоздарын ұтты, – деп хабарлайды msports.kz тілшісі.
Ойынның бірінші кезеңінде Қырғызстан құрамасы 1:3 есебімен ұтып шықты. Сондай-ақ ойын кезінде көкпаршылар жанжалдасып, финал уақытша тоқтатылды. Қос тарап сабырға келіп, кейіннен ойын жалғасты.
Екінші кезеңде Қазақстан құрамасы есепті теңестіріп қана қоймай, 4:3 есебімен алға озған. Алайда қырғыздар ойын аяқталар тұста салым салып, нәтижені теңестіріп кетті.
Қосымша уақыттағы сайыста 5:4 есебімен Қазақстан құрамасы жеңіске жетті.
«Көшпенділер ойындарының оқу-жаттығу жиынын жыл басында бастадық. Елді қуантамыз деген мақсатымыз болған еді. Қырғыз ағайындармен кездесу қиын болады деген едім. Расында солай болды. Десе де ел намысын қолдан бермей, үмітті ақтадық», – деді көкпардан ұлттық құраманың бас бапкері Ақылбай Манкеев.
"Қазанат" ипподромында өтіп жатқан көкпар бәсекесіне 9 мемлекеттің құрамасы қатысты. Бұл спорт түрінен барлығы 104 спортшы сынға түсті.