Бокстан Алматыда өтіп жатқан Әлем чемпионатында 56 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Қайрат Ералиев жартылай финалда әзірбайжандық Чавид Чалабиевтен айласын асыра алмады.
Ширек финалда Лондон Олимпиадасының жеңімпазы кубалық Робейси Карразаннан басым түскен Қайрат алғашқы раундта сәтті-ақ жұдырықтасты. Алайда екінші, үшінші кезеңде Чавид Чалабиев бар күш-жігерін сала отырып, жойқын соққыларымен ерекшеленді. Қайрат соңғы минуттарда сылбырлық танытты. Нәтижесінде Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы қола жүлде түсті.
Естеріңізге сала кететін болсақ, осыған дейін 49 келіде Біржан Жақыпов пен 75 келіде Жәнібек Әлімханұлы ақтық сынға жолдама алған болатын.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sports.kz