4 желтоқсан күні Алматы қаласы, Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өтіп жатқан Конфедерация Кубогы өзі мәресіне жетті.
Спорттың үздік бес түрінен бақ сынған спортшыларымыз ел жадында ұзақ сақталып қалары анық. Спорттың бес түрі бойынша: дзюдо, таеквондо, бокс, еркін күрес және грек-рим күресінен қатысқан спортшылардың ішінде олимпиадаға қатысушылар ғана емес, жеңімпаздары да болды. Мәселен, Рио Олимпиадасының вице – чемпионы Елдос Сметов, Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов.
Жанкүйерлердің көңілінен шыққан бұл додада Нұрмахан Тыналиев бастаған Алматы облысының құрамасында бір ғана жеңіліс болды. Н.Тыналиевпен күресетін қарсылас жарыстан бас тартып, нәтижесінде жеңіс Алматы облысының еншісінде кетті. Ақтық сында Жамбыл облысымен бақ сынасқан құрама 5:1 есебімен жеңіске жетіп, ең бірінші болып Конфедерация Кубогын иеленді.
Құраманың бас бапкері Азамат Күкебаев: «Мен біздің спортшыларға, құрамаға алғысымды айтамын. Жігіттер үлкен сынақтар мен жолдардан өтті. Төккен тердің арқасында жеңіске жеттік. Конфедерация Кубогын бірінші болып алу шынымен қуантарлық жағдай»,– деді.
Спорттың ең қызық түрін көрсеткен таеквондистеріміз. Алматы мен Оңтүстік Қазақстан облысы құрамасы арасындағы тартысты дода 50:51 есебімен Оңтүстік спортшылардың пайдасына шешіліп, олар финалға жолдама алды. Финалда оларды БҚО-ны (39:32) есебімен жеңген Жамбыл облысының спортшылары күтіп тұрды. Финал өз деңгейінде өтті деуге де болады.
ОҚО құрамасында аттары белгілі спортшылар өнер көрсетті. Олар: Нұрсұлтан Мамаев, Смайл Дүйсебай. Аталған құрама жарыстың басты көшбасшысы саналды. Бірақ Жамбылдық спортшылар өз кезегінде шеберлік танытып жеңісті тартып алды. Сенсациялық жеңісті Рио Олимпиадасының қатысушысы Руслан Жапаров сыйлады. Жалпы есеп 53:50 болды.
« Шыны керек бізде үміт қана болды. Себебі жарыстың басты қарсыласы саналған ОҚО құрамасы мықты еді. Дегенмен біз құрамаға дер кезінде рух пен жігеріп беріп, жеңісті тартып алдық» деп Жапаров қуанышымен бөлісті.
Былғары қолғап шеберлері де жарыстың сәнін келтірді. Алғашқы жартылай кездесуде астаналық құрама Алматы облысының құрамасына тойтарыс бере білді. Астаналықтар он кездесудің жетеуін жеңіспен аяқтады. Маңғыстау облысының құрамасы екінші жақтағы жартылай финалдың иелері атанды. ОҚО құрамасын 6:4 есебімен жеңген Маңыстаулық құрама ақтық сында астаналықтармен кездесіп, жеңісті қанжығаларына байлады. Ең қажетті ұпайларды алып келген Берік Әбдірахманов пен Әділбек Ниязымбетов болды.
«Бұл жарыс бірінші рет өткізіліп отыр. Сондықтан барлық құрамалар қызу дайындықпен келген. Бәрінің бір мақсаты – жеңіс. Біз үшін де оңай болған жоқ. Ең ауыр кезең ақтық сында болды. Өздеріңіз көргендей, біз жеңісті бар күшімізбен таласып жүріп алдық. Бірінші орын алғанымызға қуанып тұрмын. Мен енді жақын арада болатын жарыстарға дайындаламын. Кәсіпқой боксқа өтуді әлі жоспарлап жүрген жоқпын»,– деді Әділбек Ниязымбетов.
Еркін күрес нәтижесі бойынша Алматы құрамасы ерен ерлік көрсетті. Осы ерліктерінің арқасында құрама спорттың екі түрінен Конфедерация Кубогын еншіледі. Ақтық кезеңде ШҚО-ның құрамасымен кездескен Алматы құрамасы 1:5 есебімен жеңіске жетті. Ал Шығыс Қазақстан облысының құрамасы Ақтөбеліктерді 4:2 есебімен ұтқан болатын.
Конфедерация Кубогының соңғы бағдарламасын дзюдошыларымыз аяқтады. Тартысты күрес те осы жерде орын алды. Жарыстың басты қарсыластары Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов пен қарағандылық Жансай Смағұлов болды. Жамбыл құрамасын бастап келген Елдос Сметов ақтық сында 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Жарыс соңында барлық спортшылар медальдармен, кубоктармен марапатталды. Сонымен қатар әр жеңімпаз құрама 25 миллион теңге көлемінде сыйақы алды. Басында атап кеткеніміздей, бұл Тимур Күлібаевтың жалпы жүлде қорына берген 125 миллион теңгесі.
Жанкүйерлер спортшылардың тартысымен ғана емес, қазақ әншілерінің өнерімен де сусындап қайтты. Сахнада белгілі қазақ эстрадасының жұлдыздары Али Оқапов пен Қайрат Нұртас ән салды.