Көкпар қазаққа бұйырды

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Көкпар қазаққа бұйырды

Көкпардан Астана қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылған Азия чемпионаты мәресіне жетті.  Қазақстандық шабандоздар додада оқ бойы оза шығып, Азия чемпионы атанды.

БӨЛІСУ

Бес күн бойы елордадағы «Қазанат» атшабарының шаңын қаққан 8 команда жеңіс үшін барын салды. Алғаш ұйымдастырылған Азия чемпионатының тұңғыш чемпионы кім болады деген сұрақ көпшілік көкейінде болғаны рас. Еліміздің шабандоздары жерлестерінің алдындағы бар жауапкершілікті сезіне білді. Соның арқасында Астана төрінде Қазақ елінің әнұраны шарықтап, қазақстандық шабандоздар Азияның тұңғыш чемпионы атанды.

Финалға жеткен Қуанышбек Құрамаев баптайтын жерлестеріміз Қырғызстан құрамасымен кездесті. Айыр қалпақты көршілеріміз бұл аламанға сақадай-сай дайындалып келіпті. Финалда да чемпион атану үшін бар күш-жігерін салды. Алайда, Азия чемпионатында сайдың тасындай іріктелген біздің жігіттердің бәрі де жарады. Атап айтар болсақ, Бақтыбай Шырынқұлов, Бағлан Шырымбаев, Құлажан Тоғайбаев, Дәулетбек Омбаев, Еркебай Омарбек, Нұржігіт Мырзабаев, Арслан Қабжанов, Ермек Көбей, Манарбек Дүйсенбиев, Ұлан Байтөреев, Темірхан Айтбаев пен Александр Пупенко деген ат құлағында ойнаған жігіттер шеберліктерін танытып, тамаша өнер көрсетті. Ал қырғыздар сапынан Нұрмұхамед Қойшекеев чемпионатта барынша ептілігі мен шеберлігін көрсетіп, «үздік салымшы» деген атаққа қол жеткізді. Сонымен ақтық сайыста жерлестеріміз қарсыластарынан 4:2 есебімен басым түсті. Финал әділ әрі тартысты өтті. Осындай дәрежеде ұйымдастырылған аламанға барлық командалар ризашылығын білдірді.

Көкпардан өткен бұл Азия чемпионатында талай тұлпарлар да жұртшылықтың назарын аударды. Әсіресе, Бақтыбай Шырынқұловтың «Лазер» атты тұлпары жылдамдығы мен ақылдылығының арқасында Азия чемпионатында «Ер қанаты» атты номинацияға ие болды. Ал көрші қырғыз елінің тұлпарлары да жылдамдығымен ерекшеленді.

Тұңғыш ұйымдастырылған Азия чемпионатында Тәжікстан құрамасының өнері де көпшіліктің көңілінен шықты. Олар Қазақстаннан жеңілгенімен, Ресей мен Моңғолия командаларын, ал үшінші орын үшін өткен ойында Қытайдың Іле қазақ ауданының командасын ұтып, қола жүлдеге қол жеткізді. Ал Ресей шабандоздары Өзбекстан құрамасын 9:2 есебімен жеңіп, бесінші орынды иеленді. Жетінші орын үшін кездесуде Моңғолияның Баян Өлгей қазақтары Түркия құрамасын 9:4 есебімен ұтты.

Естеріңізге сала кететін болсақ, жарыс жеңімпазына 10 миллион теңге көлемінде сыйақы берілетін болған еді. Бұл жерлестерімізге бұйырды. Екінші орын алған Қырғызстан 6 миллион, Тәжікстан құрамасы 4 миллион теңгені қанжығаларына байлап қайтты. Келер жылы да Қазақстан көкпардан Азия чемпионатын өзінде ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sport.nur.kz, sports.kz