Кез келген кәсіпқой боксшы Олимпиадаға қатыса алатын болды. Мұндай шешім бүгін Швейцарияның Лозанна қаласында өткен Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының (AIBA) конгресінде қабылданды.
Кезектен тыс өткен конгресте қауымдастықтың осыған дейінгі ережелеріне өзгертулер енгізілді. Нәтижесінде кәсіпқой боксшылар осыған дейінгі өткізген жекпе-жектеріне, жасына қарамай төртжылдықтың басты додасына қатысуға мүмкіндік алды. Бұған дейін кәсіпқой боксшылар 15 жекпе-жектен аз өткізссе ғана Олимпиадаға қатыса алатын еді.
Қазақстаннан аталған жиынға ҚР бокс федерациясының атқарушы директоры Бекжан Бектенов, халықаралық байланыс жөніндегі үйлестірушісі Динара Болатбекқызы, Азия бокс конфедерациясының президенті Серік Қонақбаев қатысты.
Кәсіпқой боксшылардың Олимпиада ойындарына қатысуына арналған дауыс беру шарасына 88 елдің бокс қауымдастығы қатысты. Оның 84-і бұл жобаны қолдаса, 4 мемлекеттің өкілдері дауыс беруден қалыс қалған.
Кәсіпқой боксшылардың Рио-де-Жанейрода өтетін жарысқа қатысуы үшін AIBA жаңа APB/WSB іріктеу турнирін ұйымдастырады. Бұл турнир 4-9 шілде аралығында Венесуэлада өтетін болды. Онда 2016 жылғы Олимпиадаға 26 жолдама сарапқа салынады.