ҚазМемҚызПУ баскетбол командасы – Ұлттық студенттер лигасының жеңімпазы

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
ҚазМемҚызПУ баскетбол командасы – Ұлттық студенттер лигасының жеңімпазы
Фото ©️ ҚазМемҚызПУ

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің баскетбол құрама командасы Астана қаласында 11-14 желтоқсан аралығында өткен жоғарғы оқу орындарының Ұлттық студенттік лигасында топ жарып, чемпион атанды. Бұл туралы «Қыздар университетінің» баспасөз қызметі хабарлап отыр.

БӨЛІСУ

Тұңғыш рет ауқымды деңгейде өткен баскетбол ойындарына Астана, Алматы және Қарағанды қалалары жоғары оқу орындарынан 20-дан астам баскетбол командалары қатысты. Іріктеу кезеңі 4 аймақта: Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларында өткен болатын. Ширек финалда үздік деген 8 ер және 8 қыздар командалары өнер көрсетті. Ұлттық студенттік лигасының бірінші маусымының шешуші ойындары «Сарыарқа» республикалық велотрегінде өтті.

Финалда Қыздар университеті командасы Қарағанды экономикалық университеті командасымен бақ сынасып, 50-36 есебімен «ҰСЛ-2015» чемпионатының кубогін жеңіп алды. Осылайша, Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Қыздар университеті құрама командасы оқу орнына баға жетпес үлкен тарту жасады. Бұған дейін университеттің баскетбол құрама командасы ҚР ЖОО арасындағы жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпаздары атанса, биылғы жылы VIII Жазғы Универсиаданың күміс жүлдегері атанған еді.  

Еліміздегі спортты дамытуға, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ететін чемпионат жеңімпаздарын Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов марапаттап, сыйлықтар мен медальдарды салтанатты түрде табыс етті. Республикалық додада өнер көрсеткен Қыздар университеті командасына ҚазМемҚызПУ ректоры Динар Нөкетаева да қолдау білдіріп, ойынды тамашалады.  

«Жүзден жүйрік, мыңнан мықты» шыққан ҚазМемҚызПУ командасын кезекті жеңістерімен құттықтай отырып, құрамада тамаша ойын көрсеткен студенттерімізді атап өткіміз келеді. Олар: Полищук Виолетта (4 курс),  Тактиева Мехригул (3 курс), Каден Назерке (3 курс),  Салеева Сабина (1 курс),  Садердинова Венера (3 курс), Шепотько Анастасия (2 курс), Әбдікәрімова Индира  (2 курс), Еркабылова Нұргүл  (4 курс), Собитова Александра (1 курс),  Кашина Лидия (1 курс). Спортшы қыздардың барлығы «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алады. Кіл мықты қыздарды жинап, дайындаған баскетбол құрама командасының жаттықтырушысы – «Дене шынықтыру және валеология» кафедрасының ұстазы,  10 жылдан астам уақыт қызмет жасап келе жатқан жоғарғы категориядағы жаттықтырушы Рукасов Олег Николаевичке Қыздар университеті атынан алғысымызды білдіре отырып, алар толағай жеңістеріңіз әлі де көп болсын деп тілейміз!