12 жастағы қазақстандық шахматшы қыз Бибісара Асаубаева тамыз айынан бастап Қазақстанның атынан емес, Ресейдің атынан өнер көрсететін болады. Бұл туралы chess-news.ru сайты хабарлады.
Бибісара Асаубаева жас та болса қазақ елін әлемдік додаларда танытып жүрген жас таланттардың бірі болатын. Жас шахматшы Румыния (2008 жылы), Бразилия (2010), Польша (2011) және Грекияда (2013) өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарында алтын алған. Сондай-ақ халықаралық жарыстарда да жеңіс тұғырынан көрініп жүрген. Шахматшы қыздың неліктен Ресей атынан жарыстарға қатысуға шешім қабылдағаны әзірге белгісіз қалып отыр.
Ресейлік сайттың жазуы бойынша, қазақстандық шахматшы қыз Мәскеу облысы шахмат федерациясы атынан жарыстарға барады.
- Федерация президенті Сергей Нестеровтың шақыртуымен Бибісара Асаубаев Қазақстаннан Ресей шахмат федерациясына ауысты" — деп жазады chess-news.ru.
Бибісара Тараз қаласының тумасы. 2004 жылы 26 ақпанда дүниеге келген. Танымал интелектуалдық ойынға 4 жасында атасы баулыған екен.
Шахматшы қыздың анасы Лиана Таңжарықова бұған дейінгі берген сұхбаттарында Федерация тарапынан қолдаудың аздығын айтқан болатын.
Айта кетейік, Бибісара шахматтан бөлек, көркем гимнастикамен де айналысады. Спорттың бұл түрінен Астана қаласының екі дүркін чемпионы атанған.