"Қазақтың Мессиі" деп танылған жас ойыншы Еркебұлан Сейдахмет Ресей премьер-лигасындағы "Уфа" командасы құрамынан кетті, - деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Қазіргі таңда футболшы мен башқұртстандық клубтың өкілдері әлі де келіссөздер жүргізіп жатыр екен. Әйтсе де "Уфа" командасы 18 жастағы қазақстандық ойыншы үшін сұраған қаржыны төлеуден бас тартып отырғанға ұқсайды. Қазір қазақстандық ойыншыға қызығушылық танытып отырған біршама командалар бар.
Естеріңізде болса Еркебұлан Сейдахмет қаңтар айының ортасында "Уфамен" оқу-жаттығу жиынына аттанған болатын. Команданың Кипрдегі екі бірдей дайындық шараларына қатысты. Ларнаканың (Кипр) "Алки" командасына қарсы жолдастық кездесуде алаңға шығып, алғашқы голын да соқты. Плоцкінің (Польша) "Висла" клубына қарсы ойында бір тайм ойнаса, "Слован" (Чехия) командасына қарсы кездесуде 90 минут ойнап, екі нәтижелі пас берді.
"Қазақтың" Мессиі қайда барады? Әзірге талантты қазақ футболшысы мансабын қай клубта жалғастыратыны белгісіз. Ойыншы кеше Instagram желісіндегі парақшасы "тарихына" "Будем двигаться дальше" деп жазба қалдырған. Қазақ спорты жанкүйерлері де ойыншының тасы өрге домалап, биік жетістіктерді бағындыруына шын жүректен тілектес.