Қазақстанның Ауыр атлетика федерациясы жарыстардан шеттету турасында мәлімдеме жасады

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Қазақстанның Ауыр атлетика федерациясы жарыстардан шеттету турасында мәлімдеме жасады
Фото ©️ confederation.kz

Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы ұлттық құрама допинг қолданған спортшылар үшін Анахаймда (АҚШ) өтетін 2017 жылғы әлем чемпионатына қатыстырылмайды делінген қауесеттерге қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Vesti.kz.

БӨЛІСУ

"Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы Қазақстан құрамасының бір жылға шеттетілгені жайлы мәліметтің шындыққа жанаспайтынын хабарлайды", - делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар, 2016 жылдың 22-24 маусымы аралығында Халықаралық ауыр атлетика федерациясының Атқару комитеті мен Конгресінің отырысы өткені айтылады. Оның барысында IWF спортшылары Бейжің (2008) мен Лондонда (2012) антидопинг заңнамасын бұзған ұлттық федерацияларға қандай жаңа шара қолданылатыны айтылған. Сөйтіп, бұл отырыста спортшылары андидопинг заңнамасын үш немесе одан көп бұзған елдерді бір жылға шеттету туралы шешім қабылданған екен. Алайда бұл шешім күшіне енбегені айтылып отыр.

ҚР ААФ бас хатшысы Омар Мұстафиннің айтуынша, бұл шешім елдердің осы категориясын Бразилиядағы 2016 жылғы Олимпиадаға қатысуына кедергі келтіретін болған. Осы себепті де Ресейдің ауыр атлетика федерациясы Рио-де-Жанейродағы жарысқа жіберілмепті. Алайда, Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы 2014 жылы толықтай жаңарған соң халықаралық комиссияға таза спортты дамыту және жаңа антидопинг шараларының қолданылуы бойынша жаңа күш салулардың тиімділігін дәлелдей алған.

"Қорытындысында еліміздің ауыр атлетика федерациясы Рио-де-Жанейродағы Олимпиадаға қатыса алды, қазақстандық спортшылар тамаша жетістікке жетті, алты медальдің біреуі алтын, біреуі күміс және төртеуі қола. Қазақстандық құрама медальдар есебінен Қытай командасына ғана жол беріп, екінші орын алды. Бүгінде Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы допингке нөлдік төзімділік ұстанымын қолдайды және өңірлердегі ішкі және халықарадық сөрелерде өнер көрсететін атлеттердің антидопинг ережелерін сақтауын ерекше бақылауда ұстайды. Жыл сайын ұлттық құрама өкілдерімен және жастармен допинг мәселесі жайында ондаған семинар мен жүздеген әңгіме шаралары жүргізіледі. Оның нәтижесін бүгін көріп отырмыз. 2016 жылдан басынан бері қазақстандық атлеттерден халықаралық сөрелерде бірде-бір допинг тапқан жағдай кездеспеді", - деді Мұстафин. 

Бас хатшының айтуынша, бүгінде тоғыз федерацияны бір жылдық шектеу мәселесі әлі де шешілмеді. Бұл мәселеде соңғы шешім 2017 жылдың 30 қыркүйегінде Бухаресте айтылады деп күтіледі. Мұнда IWF Атқару комитетінің кезектен тыс отырысы өтеді.

Дегенмен, Мұстафин Қазақстанның ауыр атлетика федерациясының IWF шығарған кез келген шешімді қабылдайтынын және орындайтынын айтады. Алайда ол шеттету тиімді шара емес деген ойда.

Еске салайық, мұның алдында Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасына допинг ережебұзушылықтарына байланысты Анахаймда өтетін 2017 жылғы әлем чемпионатына қатысуға тыйым салынатыны хабарланған еді.