Футболдан Еуропаның басты бәсекесі саналатын Чемпиондар лигасы басталып та кетті. Ел намысын қорғайтын "Астана" ертең Юрмалада (Латвия) "Спартак" командасымен кездеседі. Бұл ойынды қазақстандық футболсүйер қауым тікелей эфирден көре алады.
Қос команда арасындағы екінші іріктеу кезеңіндегі бірінші ойынды "Хабар" арнасы тікелей эфирде көрермендеріне ұсынбақ. Ойын Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады. Ермұхамед Мәулен мен Айбек Қабылша тек қазақ тілдерінде жүргізеді.
– "Астана" командасы еліміздегі ең мықты клубтардың бірі. Сондықтан "Хабар" арнасына елордалық клубтың Чемпиондар лигасындағы алғашқы кездесуін көрсету біз үшін үлкен мәртебе. Қазақстандық жанкүйерлер Юрмалада өтетін "Астананың" сырт алаңдағы ойынын тікелей эфирде көргенін қалаймыз, - дейді "Хабар" арнасы спорт бөлімінің продюссері Асхат Жақаев.
Қарымта ойын араға бір апта сала Астанада өтеді.
"Астана" Чемпиондар лигасына үшінші жыл қатарынан қатысып отыр. 2015/2016 жылғы маусымда кәрі құрлықтың басты додасы саналатын жарыстың топтық кезеңінде ойнады. Өткен жылы үшінші іріктеу кезеңіне дейін жетіп, Шотландияның "Селтик" командасына жол беріп алған-ды. Дегенмен Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнаған еді. Елордалық команда Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнаған тұңғыш қазақстандық команда. Биыл да топтық кезеңге шығуды мақсат тұтып отыр.