Волейболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Вьетнамда өткен Азия кубогының күміс жүлдегері атанды. Отандастарымыз финалда Қытай құрамасына есе жіберіп алды.
Топтық кезеңде аспан асты елінен келген волейболшыларды жеңген Вячеслав Шапран шәкірттері финалда айласын асыра алмады. Үш сет қорытындысы бойынша басым түскен Қытай құрамасы Азия кубогын жеңіп алды.
Күміс жүлде – Қазақстан құрамасының Азия кубогындағы ең ірі жетістігі. Осыған дейін қазақстандық волейболшы қыздар бұл доданың финалына шықпаған. Тек 2012 және 2014 жылдары қола жүлдегер атанған.
Вьетнамдағы Азия кубогында Қазақстан құрамасы сапынан үш спортшы үздіктер қатарынан табылды. Ирина Лукомская ең үздік байланыстырушы ойыншы, Кристина Аниконова – ең үздік орталық қорғаушы, ал Екатерина Жданова диагоналдағы ең үздік шабуылшы атанды.
Үшінші орын үшін өткен ойында Таиланд құрамасы 3:0 есебімен жапон қыздарын ұтты.
Айта кетейік, волейболдан Азия кубогы 2008 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Екі жылда бір өтетін әуе доп додасында Қытай құрамасы төртінші чемпиондық атаққа қол жеткізді.