Еуропа Лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі румыниялық «Астра» мен шотландиялық «Инвернесс» клубтары арасындағы ойында Артем Кучин бастаған қазақстандық төрешілер қызмет атқарады. Бұл туралы ҚФФ ресми сайты хабарлап отыр.
Өткен маусымда Артем Кучин Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі «Янг Бойз» (Швейцария) – «Слован» (Словакия) және «Генгам» (Франция) - «Динамо» (Минск, Беларусь) ойындарына төрелік жасады. Ал «Астра» клубының ойынына екінші рет қазылық жасағалы отыр. Артем Кучин 2014 жылы Еуропа лигасының «Слован» - «Астра» кездесуінде қызмет атқарып, сол ойын 3:2 есебімен румыниялық футболшылардың жеңісімен аяқталған еді.
Қарағандылық төреші клубтық турнирлерден бөлек, ұлттық құрамалардың ойынына да бас төреші болып тағайындалып жүр. Өткен жылы 21 жасқа дейінгі Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде Уэльс – Англия және Кипр – Бельгия кездесулерінде қызмет атқарды. Сонымен қатар, әлем чемпионатының іріктеу ойындары мен 19 жасқа дейінгі жасөспірім құрамалар арасындағы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінде жұмыс тәжірибесі бар. Оның ішінде жартылай финалдағы Чехия - Сербия кездесуін атап өтуге болады.
«Астра» мен «Инвернесс» арасындағы ойында Артем Кучинге тараздық Евгений Бельски мен атыраулық Анатолий Ходин көмектеседі. Төртінші төреші – талдықорғандық Денис Измайлов. Кездесу 23 шілде күні Румынияның Джурджу қаласындағы Марин Атанасович стадионында өтеді. Қос клуб арасындағы бірінші ойында 1:0 есебімен румыниялық футболшылар жеңіске жеткен еді.