Халықаралық Олимпиада комитеті Бейжіңде жүлде алған қазақстандық 3 спортшыны медальдарынан айырды. Бұл туралы vesti.kz сайты Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайты сілтеме жасап хабарлады.
Қазақстан құрамасының 2008 жылы Олимпиада алған жүлделері тағы да 1 күміс 2 қола медальға кеміді. Ауыр атлет Ирина Некрасова (күміс) мен Мария Грабовецкая (қола), еркін күрестен Әсет Мәмбетовтің допинг қолданғаны анықталып, нәтижелері жойылды. Спортшылар жақын арада алған жүлделерін қайтаратын болады. Ал қанша уақытқа спорттан шеттетілетіндері туралы шешім алдағы уақытта хабарланатын болады.
Айта кетейік, осыған дейін Светлана Подобедова, Зүлфия Чиншанло және Майя Манеза Олимпиада медальдарын кері қайтаратын болған еді. Сондай-ақ, балуан Теймураз Тигиевтің допинг қолдануына байланысты Бейжің Олимпиадасындағы күміс жүлдесінен айырған еді.
Алдағы уақытта ХОК қазақстандық ауыр атлеттер Илья Ильин, Алмас Өтешов пен Владимир Седовқа қатысты шешімін шығаратын болады.