30 наурыз күні Алматыда аралас жекпе-жектен M-1 Challenge 101 халықаралық турнирі өтеді. Жартылай орта салмақта бақ сынайтын қазақстандық спортшы Шавкат Рахмонов чемпиондық белбеуге таласады.
- Қазақстанда алғашқы рет! 2019 жылы 30 наурыз, "Халық Арена". Жартылай орта салмақта әлем чемпионы белбеуі үшін жекпе-жек! Нокаут шебері Данила Приказа (Ресей) жеңілмеген қазақстандық балуан Шавкат Рахмоновқа қарсы шығады! - деп хабарланды жарыстың видео құлақтандыруында.
Данила Приказа (FIGHTSPIRIT TEAM командасы, Санкт-Петербург) - М-1 Challenge көрермендері көңілінен шығып жүрген спортшы. Оның басты мақсаты - қарсыласын күшті соққыларымен құлату. Данила он бір кәсіби жекпе-жекке қатысып, оның тоғызында жеңіске жеткен.
24 жастағы Шавкат Рахмонов 10 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетіп келеді. Сондай-ақ ол Қазақстан, Азия және әлем аралас жекпе-жек чемпион атақтарының иегері. Оның ерекше стилі - өзіндік қылғындыру тәсілі және нокаутқа құлату.
- Шавкат Рахмонов - Қазақстандағы бүкіл жауынгерлік спорттың басты жұлдыздарының бірі. Әрбір күресте ол керемет техникалық шеберлігімен ерекшеленеді.
Билеттерді "Халық Аренадағы" кассалардан және kassir.kz сайтында сатып алуыңызға болады, - деп хабарлайды жарысты ұйымдастырушылар.