Қазақстандық спортшы Мария Агапова (8-1) аралас жекпе-жек әлеміндегі ең беделді UFC (Ultimate Fighting Championship) ұйымымен келісімшартқа отырды. Бұл туралы спортшы Instargam-парақшасында мәлімдеді.
22 жастағы спортшы бұған дейін де UFC-ге ауысуға талпынып көрген. Ол өткен жылы Dana White's Contender Series шоуында бақ сынап, келісімшарт үшін болған жекпе-жекте Трэйси Кортеске (7-1) есе жіберді.
Бұдан кейін Мария Агапова Invicta FC промоушенімен келісімшартқа қол қойып, екі жекпе-жек өткізіп үлгерді. Қыркүйек айында америкалық Алекс Коннерсті (5-4) бірінші раундта жеңсе, қарашада Бразилия өкілі Марилия Сантосты (10-4) ұтты.
Күні кеше UFC (Ultimate Fighting Championship) Қазақстанда да турнир өткізетіні туралы ақпарат шықты. Жалғас Жұмағұлов, Шавкат Рахмонов және Дамир Исмагуловтың менеджері Саят Абдрахманов өзінің Instagram парақшасында осыған саятын жазба қалдырды.
Оның парақшасындағы мәліметке сүйенсек, UFC Fight Night турнирі 13 маусымда өтуі ықтимал екен. Осыған дейін бұл ұйыммен келісімге келген қазақстандық спортшылар қатары артқан еді. Алғаш болып Шавкат Рахмонов келісімге қол қойса, одан кейін Жалғас Жұмағұлов бұл жолды жалғады. Алдағы уақытта тағы бір қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Сергей Морозов та осы ұйым аясындағы турнирлерде бақ сынап қалуы бек мүмкін.
UFC (Ultimate Fighting Championship) – аралас жекпе-жектен әлемдегі ең беделді әрі танымал спорттық ұйым. Бас кеңсесі АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында орналасқан. Бүгінде UFC-дің кез-келген жекпе-жек кеші әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген телеарналар арқылы миллиондаған жанкүйер жинайтын ауқымды шараға айналған. Кәсіпқой ережесіз жекпе-жек шеберлері осы ұйым аясында бақ сынауды мақсат тұтады.