Рамазан Жалмаханов әлемнің 10 елінен жиналған 40 үздік шахматшы қатысқан "Владимир Дворкович Кубогында" жеке блицтің жеңімпазы атанды. Екінші және үшінші орындарды Беларусь спортшылары Вячеслав Зарубитски мен Денис Лазавик иеленді.
- Біздің команда лайықты өнер көрсетті. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте әлемнің он үздік жасөспірімдер командасы арасында 4-ші орынға ие болды, ал командалық рапидтің 6-шы турында біз турнир фавориттерінің бірі Ресей құрамасын жеңдік, – дейді шахмат бойынша Қазақстан балалар мен жасөспірімдер құрамасының жаттықтырушысы Ануар Исмағамбетов.
Командалық есепте алтын жүлдені Беларусь юниорлары жеңсе, екінші орынды Қытай шахматшылары иеленді, ал қола жүлде ресейлік командаға бұйырды.
- Дворкович кубогы алғаш рет Ресейден тыс жерде өткізілгенімен қоса, Қазақстан шахмат федерациясы кубокты өткізу тарихында чемпионаттың үздік ұйымдастырылуын қамтамасыз еткенін сеніммен айтуға болады, - деді турнирдің құрметті қонағы Галина Львовна Дворкович.
Естеріңізге сала кетейік, Ақтөбеде жасөспірімдер мен қыздар арасында шахматтан халықаралық командалық турнир – "Владимир Дворкович Кубогы" өтті. Еуропа, Америка, Азия және Африка елдерінің үздік командалары Кубок пен $16 000 жүлде қоры үшін сынға түсті.
"Владимир Дворкович кубогы" - 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен қыздар арасындағы әлемнің үздік құрамаларын дәстүрлі түрде анықтайтын жыл сайынғы шахмат турнирі.