Шахматтан Қытайдың Чэнгду қаласында басталған командалық әлем чемпионатында қазақстандық арулар екінші ойынында жеңіліс тапты. Отандастарымыз 2013 жылы Астанада өткен әлем чемпионатында топ жарған Украина елінің қыздарына есе жіберді.
Қазақстан құрамасы сапынан Гүлісхан Нахбаева, Жансая Әбдімәлік және Мадина Дәулетова қарсыластарына есе жіберсе, Гүлмира Дәулетбаева Наталья Жуковамен тең ойнады. Әлемдік рейтингке көз жүгіртер болсақ, қарсылас құрама шахматшыларының ұпайы қазақстандықтардан жоғары.
Астанадағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанған Украина құрамасы Чэнгдудағы жарысты сәтсіз бастаған еді. Олар бірінші ойында Польшадан 1:3 есебімен ұтылды. Ал жерлестеріміз үнді қыздарын 2,5:1,5 есебімен жеңген болатын.
Айта кетейік, шахматтан командалық әлем чемпионатына әлемнің 10 үздік құрамасы қатысуда. Екі жыл сайын ұйымдастырылып тұратын дода 2013 жылы Астанада өткен болатын. Жарыста Украина елінің шахматшы қыздары жеңіске жетсе, Қазақстан құрамасы жетінші орыннан көрінген-ді.
Командалық әлем чемпионаты 29 сәуірге дейін жалғасады. Барлық құрамалар бір-бірімен ойнап, ұпай көрсеткіші бойынша жеңімпаз құрама анықталатын болады.
Сурет: chengdu2015.fide.com