Қазақстандық көпбалалы ана Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Қазақстандық көпбалалы ана Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды
Фото ©️ kfb

Бокстан Таиландта өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына қола медаль түсті. Оны 48 келіге дейінгі салмақта Әйгерім Сәттібаева иеленді, - деп хабарлайды msports.kz.

БӨЛІСУ

Әйгерім ширек финалда филиппиндік Магно Офелиядан басым болып шыққан еді. Бүгін жартылай финалда өзбек қызы Фарзона Фазиловаға жол берді. Төрешілер 4:1 есебімен қарсыласын жеңімпаз деп таныды. 

Әйгерім Сәттібаева ұлттық құрамаға ұзақ уақыт демалыстан кейін оралды. 5 баланың анасы. Азия чемпионы Олжас Сәттібаевтың жұбайы. Орындалмаған арманы мен жете алмаған жетістігі үшін шаршы алаңға қайта оралды. Жуырда ғана Қарағандыда өткен "Мықтылар турниріне" қатысып, чемпион атанған болатын. 

Сонымен қатар бес баланың анасы ата-енесіне алғысын жеткізді.

Бір ай үйде болған жоқпын. Осы уақыт аралығында бес балама қарап, еш алаңсыз жаттығу жасауыма мүмкіндік берген алдымен Алла, сонан соң ата-енем, сол кісілерге алғысымды айтамын. Балаларым жеңіспен келуімді сұраған, болмай қалды. Аллаға шүкір, құр қол келмеймін, - деп қосты Әйгерім Сәттібаева.

Айта кетейік, бұл Әйгерімнің Азия чемпионатында алған екінші қола жүлдесі. Алғашқысын 2010 жылы иеленген еді.