Қазақстандық AVANGAR киберспорт командасы Counter-Strike: Global Offensive (CS:GO) ойынынан Katowice Major халықаралық турниріндегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Жүлде қоры 1 миллион долларды құраған турнирдің алғашқы кездесуінде AVANGAR аустралиялық Renegades командасынан 8:16 есебімен жеңіліп қалған болатын. Ал екінші ойында 16:14 есебімен бразилиялық FURIA eSports командасын ұтты. 1,33 ұпай жинаған AVANGAR-дың ойыншысы Бектияр fitch Бақытов кездесудің үздігі атанды.
Киберспорттан ел намысын қорғап жүрген командалар
Халықаралық жарыс Польшаның Катовице қаласында өтіп жатыр. AVANGAR командасынан бөлек байрақты бәсекеде екі қазақстандық киберспортшы бақ сынап жатыр. Атап айтқанда, Дәурен Adren Қыстаубаев (FaZe Clan) пен Абай Hobbit Қасенов (HellRaisers).
Биыл AVANGAR командасы CIS Minor Championship — Katowice 2019 турнирінде жеңіске жеткен болатын. Финалда қарсыласы Winstrike Team командасын 2:1 есебімен жеңген AVANGAR 30 мың АҚШ доллары мен IEM — Katowice Major 2019 турниріне жолдаманы иеленді. Ал Тимур "Buster" Төлепов турнирдің үздік ойыншысы деп танылды. Осы жарыстан кейін қазақстандық ұжым әлемдік HLTV рейтингінде 17-орынға көтерілді. Көш басын даниялық "Astralis" командасы бастаған.
Үздіктердің үздігі. ТМД киберспорт командаларының рейтингі
AVANGAR - 2016 жылы Қазақстанда құрылған бұл ұйымда танымал Counter-Strike:Global Offensive және PlayerUnknown's Battleground ойындарынан сынға түсетін командалар бар. Бұл ұйымның жігіттері екі ойыннан да жақсы нәтижелерге жетті. Қазір командада төрт қазақстандық ойыншы өнер көрсетеді. Атап айтқанда: Тимур Төлепов, Айдын Тұрлыбеков, Алексей Голубев және Бектияр Бақытов. Ал команданың капитаны - ресейлік ойыншы Али Джами.
Айта кетсек, 2017 жылы дәл осы турнирде Gambit Esports топ жарған еді. Құрамында үш қазақстандық киберспортшы өнер көрсеткен команда қарсылас шақ келтірмеген.
Айбар Рысдәулет