Қазақстан премьер-лигасынан шығып қалған Қарағандының "Шахтер" командасының басшылық құрамы ауысты. Сондай-ақ командаға жаңа бас жаттықтырушы тағайындалды, - деп хабарлайды msports.kz сайты.
Бүгін "Шахтер" клубының директорлар кеңесінің кезектен тыс отырысы өтті. Бұған дейін облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаев клуб басшылығын сынға алып, клубты қазіргі дағдарыстан алып шығудың жолын табуды тапсырған еді.
Клуб биылғы маусым қорытындысы бойынша премьер-лигадан шығып қалды. Команда жұмысына жаңаша серпін беріп, келесі маусымға дейін дайындығын күшейту мақсатында басшылық құрамы ауысты.
Директорлар кеңесінің шешімімен клубтың жаңа атқарушы директоры тағайындалды, ол - Талғат Дүйсеков, табысты кәсіпкер, қоғам қайраткері және меценат. Спорт менеджменті саласында белгілі бір тәжірибесі бар. 2022-2023 жылдары ол Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына кіретін Асық ату федерациясын басқарған. Аз уақытта ұйымның құрылымын жаңартып, тұңғыш рет Асық атудан Азия чемпионатын өткізген.
Оның басты міндеті - "Шахтерді" қазіргі тығырықтан шығарып, клуб жұмысын қайта құру, тың күш беріп, әлеуетін күшейту. Облыс әкімінің тапсырмаларын ескере отырып, бір айдың ішінде клубтың даму стратегиясын дайындау.
Қазірдің өзінде клубтың жаңа басшылығы тренерлік штабқа шетелдік мамандарды тарту бойынша келісімдер жасаған. Бүгін белгілі болғандай, негізгі команданы жаңа маусымға чех жаттықтырушысы Иржи Ярошик дайындайды.
Иржи Ярошик - кәсіби футболшы, ол Англияның ("Челси" командасы), Шотландияның ("Селтик"), Чехияның ("Спарта"), Ресейдің (ЦСКА) чемпионы болған, испандық премьерада үздік ойын көрсеткен ("Сарагоса" мен "Алавес" құрамында). Жоғары дивизиялық еуропалық чемпионаттарда кәсіби клубтарды жаттықтыруға құқық беретін UEFA PRO лицензиясы бар. "Шахтерға" келгенге дейін Чехия, Словакия, Словения мен Ресей клубтарында жаттықтырушы болған.
Жаттықтырушы міндеттерімен қатар Ярошик қарағандылық футбол мамандарының кәсібилігін көтерумен айналысады.
Бұдан бөлек, клубтың жаңа басшылығына балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту міндеті жүктелді. Осыған орай, қалалар мен аудандарда "Шахтер" академиясының филиалдары ашылады. Келесі жылы жасөспірімдер мен жастар командалары арасында футбол турнирі өтеді, оның нәтижесі бойынша жас дарындар Академияда оқуға іріктелетін болады.