Қазақстандық кәсіпқой боксшы Радмир Ахмедиев спорттық мансабында алғаш рет жеңіліске ұшырады. Отандасымыз Далласта (АҚШ) жергілікті боксшы Джон Вероға нокаутпен ұтылды.
Орта салмақта бақ сынайтын Радмир Ахмедиев осыған дейін 7 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіс тұғырынан көрінген болатын. Алайда «Феномен» деген лақап атқа ие америкалық Джон Вераны жеңе алмады. Сегіз раундқа жоспарланған кездесудің жетінші раундында қазақстандық боксшы нокаутпен жеңіліс тапты.
Айта кетейік, ертең кәсіпқой бокс шаршы алаңына екі боксшымыз көтеріледі. Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жанат Жақиянов (25-1, 18 КО) WBA (Interim) тұжырымы бойынша әлем чемпионы венесуэлалық Йонфрес Парехомен (17-1-1, 8 КО) кездеседі. Бұл жекпе-жекті «KAZsport» телеарнасы 7 қарашада сағат 23:45-те тікелей эфирде көрсетеді. Сондай-ақ Қанат Ислам Доминикан Республикасының боксшысы Джонатан Батистамен жұдырық түйістіреді.