Қазақстандық кәсіпқой боксшы Радмир Ахмедиев спорттық мансабындағы он бірінші жекпе-жегін өткізіп, қарсыласы Дедрик Беллді төртінші раундта техникалық нокаутпен ұтты.
Орта салмақта жұдырықтасатын 25 жастағы отандасымыз кәсіпқой рингтегі оныншы жеңісіне қол жеткізіп отыр. Оның сегізін уақытынан бұрын аяқтаған. Ал бір жекпе-жегінде өткен жылы америкалық Джон Вераға нокаутпен ұтылған болатын.
Радмирдің қарсыласы болған Дедрик Белл кәсіпқой бокста ірі жетістіктерді бағындырған боксшы емес. Осыған дейін 41 жекпе-жек өткізіп, 28-де жеңілген. 12 кездесуінде жеңіске жеткен. 1 жекпе-жегін тең аяқтаған.
Айта кетейік, Радмир Ахмедиев Талдықорған өңірінің тумасы. Бокстан ҚР спорт шебері, бірнеше халықаралық турнирлерде жеңімпаз атанған. 2013 жылы Ғалым Жарылғапов атындағы халықаралық турнирде топ жарған. 2014 жылдан бері кәсіпқой бокста бақ сынап келеді.