Кәсіпқой бокста еліміздің атынан шаршы алаңға шығып жүрген боксшы Бахтияр Эюбов спорттық мансабындағы жетінші жеңісіне қол жеткізді. Отандасымыз Детройтта (АҚШ) жергілікті боксшы Райан Хогансты ұтты.
Бахтияр Эюбов қарсыласын 30 секундттың ішінде жеңіп шықты. Шаршы алаң иесі қазақстандық боксшы айтарлықтай қарсылық таныта алған жоқ. Кездесуді ширақ бастаған Бахтияр Райанды көз ілеспес жылдамдықпен жойқын соққыларының астына алды. Нәтижесінде жетінші жекпе-жегін мезгілінен бұрын аяқтады. Осыған дейін отандасымыз спорттық мансабында бір қарсыласын (Жозе Брюйер, 2012 жыл) 9 секундта жеңген екен.
Бахтияр Эюбовтың есімі қазақстандық көп жанкүйерлер үшін аса таныс емес. Ақтөбе қаласында дүниеге келген боксшы осыған дейін Әзірбайжан елінің атынан әлемдік аренада бақ сынайды деген де ақпараттар тараған еді. Кейіннен қос тарап өзара келісімшарт ымырасына келе алмаған. Бүгінде Бахтияр кәсіпқой бокста Қазақстанның туының астында өнер көрсетіп келеді.
28 жастағы Бақтияр Эюбов 2001 жылдан бері бокспен айналысып келеді екен. Ал, 2011 жылы кәсіпқой боксқа ауысқан. Ол кәсіпқой бокс шаршы алаңындағы алғашқы жекпе-жегін АҚШ-тың Техас штатының Хьюстан қаласында өткізген. Кәсіпқой боксшы лицензиясын 2013 жылы Германияда алған.
Айта кетейік, Бахтияр Эюбов ақтөбелік және қазақстандық спорт басқармаларынан, жеке кәсіпкерлерден қолдау таппай, өз бетінше жаттығып келген еді. Биыл америкалық “Salita promoution” промоутерлік клубы қазақстандық боксшымен келісімшартқа қол қойды. Шаршы алаңға қайта оралған боксшы алдағы уақытта ірі жетістіктерді бағындыруды мақсат тұтып отыр.