Қазақстандық кәсіпқой боксшы 17 күн ішінде 5 жекпе-жек өткізді

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Қазақстандық кәсіпқой боксшы 17 күн ішінде 5 жекпе-жек өткізді
Фото ©️ Mussa Tursyngaliyev (OFFICIAL PAGE)

Кәсіпқой бокстағы мансабын бастаған отандасымыз Мұса "Warrior" Тұрсынғалиев екі апта ішінде төрт жекпе-жек өткізгені жайлы жазған едік. Бүгін отандасымыз бесінші жекпе-жегін өткізіп, нокаутпен жеңіске жетті.

БӨЛІСУ

Мұса Тұрсынғалиев бесінші жекпе-жегін де Мексика жерінде өткізді. Қарсыласын екінші раундта техникалық нокаутпен ұтып, жанкүйерлеріне жеңіс сыйлады.

Екінші жартылай жеңіл салмақта бақ сынайтын 23 жастағы қазақстандық боксшы бес жекпе-жегін де Мексикада өткізді. 10 қараша күні кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Жергілікті боксшы Джесус Видальға қарсы өткен кездесу үшінші раундта Мұсаның техникалық нокаутымен аяқталды.

Араға үш күн салып, 13-ші қараша күні екінші кездесу өтті. Канкун қаласында өткен кездесуде қарсылас Фернандо Агуа атанды. 10 раундқа жоспарланған жекпе-жекті үшінші раундта жеңіспен аяқтады. Одан кейінгі жекпе-жегі тіпті екі күннен кейін өтті. 16 қараша күні мексикалық Рикардо Моргадомен жұдырықтасып, төрешілер шешімі бойынша жеңіске жетті. Бұл бокс кешін Сауль "Канело" Альварес, Давид Лемье, Хорхе Линарес сынды танымал боксшылары бар "Golden Boy" промоутерлік компаниясы ұйымдастырған болатын.

Араға апта салып, 23-ші қараша күні төртінші кездесу өтті. Жергілікті боксшы Франциско Пеш бірінші раундта-ақ Мұсаның алдында тізе бүкті.

Айта кетейік, Мұса Тұрсынғалиев Екібастұз өңірінің тумасы. Қыркүйек айының басында "The Heavyweight Factory" промоутерлік компаниясымен келісімшартқа қол қойған болатын. Сондай-ақ бұл компания қазақстандық тағы бір боксшы Иван Дычконың да жекпе-жектерін ұйымдастырады. Компания АҚШ-тың Флорида штатында орналасқан. 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Қазақстандық боксшы кәсіпқой боксқа ауысар алдында екі жыл тыңғылықты дайындалған.