Шахматтан Италияның Монтесильвано қаласында ұйымдастырылған кадеттер арасындағы (U8-U12) әлем чемпионаты мәресіне жетті, – деп хабарлайды msports.kz сайты.
Қазақстандық жас шахматшылар сәтті ойнап, 2 алтын, 1 күміс медаль жеңіп алды. Нәтижесінде жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.
10 жасқа дейінгі жас санатында Аланна Берікқызы әлем чемпионы атанды. Ол былтыр Грекияның Родос қаласында 9 жасқа дейінгі санатта классикалық шахматтан әлем чемпионы болған еді. Осы жолы ол дүниежүзі бәсекесінде алған алтын санын екеуге жеткізді.
Ұлдар арасында (U12) Марк Смирнов ең көп ұпай жинап, алтын медаль еншіледі. Тағы бір отандасымыз Ханзада Аманжол 12 жасқа дейінгі санатта күміс жүлдегер атанды (қосымша көрсеткіш бойынша әлем чемпионатында екінші орынды иеленді).
Айта кетейік, Апенин түбегіндегі әлем чемпионатына 77 елден қатысушы жиналды. Жалпы командалық есепте Қазақстаннан кейінгі орынды Қытай (2 алтын, 1 қола) мен Үндістан (1 алтын, 1 қола) құрамалары иеленді.