Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы (IAAF) қазақстандық спортшылар Анастасия Кудинова мен Флорида Миниянованы антидопингтік ережені бұзғаны үшін төрт жылға спорттан шеттетті. Бұл туралы vesti.kz сайты хабарлады.
Осы жылдың шілде айында жеңіл атлеттерден допинг сынамалары алынған. Жақында белгілі болғандай, олардың допинг қолданғаны анықталып отыр. Олардың қан құрамында анаболикалық стеройд "дростанолон" (Drostanolone) болған.
Олар 2020 жылдың тамыз айына дейін жарыстарға қатыса алмайды.
Еске салайық, Анастасия Кудинова мен Флорида Миниянова жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасында болып, Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарына қатысқан. Анастасия Кудинова 400 метр қашықтықта жүгіруде жартылай финалға өте алмаған. Флорида Миниянова спорттық жүру жарысына қатысуы тиіс болған, алайда стартқа шықпаған.
Айта кетейік, IAAF сәуірде Анастасия Сопронова антидопингтік ережені бұзғаны үшін төрт жылға спорттан шеттетілген еді. Оның қан құрамынан анаболикалық стеройд "станозол" табылған болатын.